Атырауда баян-аккордеон аспаптарында орындаушылардың ІІ халықаралық сайысы өтуде (+ВИДЕО)
Atr.kz/ 10 сәуір, 2019 жыл. Атырауда үш күн бойы «Еуразия кубогі» атты баян-аккордеон аспаптарында орындаушылардың ІІ халықаралық сайысы өтіп жатыр.
Ұйымдастырушылар – облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармония. Кеше ғана Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында шымылдығын ашқан шара 12 сәуір күні қорытындыланады.
Байқау үш кезеңнен тұрады. Соңғы күні қатысушылар «Ансамбль» және «Варьете» аталымдары бойынша сынға түседі. Ал, ертең Украинаның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халықаралық байқаулардың лауреаты, сазгер, дирижер Владимир Зубицкийдің концерті өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, белгілі өнер жұлдызы осы байқаудың қазылар алқасына төрағалық етеді.
Айта кетейік, домбырашылар мен оркестрлер байқаулары жиі өткізіліп тұрады да, ал, баян-аккордеоншылардың конкурсы сирек ұйымдастырылады. Ендеше, аталған шараның мақсаты да – осы олқылықты толтыру.
Байқауда барлығы төрт номинация бойынша 50 үміткер бақ сынауда. Арасында көршілес Ресейден, атап айтқанда, Қазан, Астрахан және басқа да қалалардан келген қатысушылар бар бар.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Бейнежазбаны түсірген автор.