
Атырауда БАҚ қызметкерлері кәсіби мерекеде марапатталды
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов өңірлік журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады.
Салтанатты кездесу барысында ол ақпарат айдынында абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар БАҚ өкілдеріне Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады. Марапатталғандар қатарында «Атырау» газетінің фототілшісі Ерлан Алтыбаев пен аға тілші Майра Ерғали да бар.
Әбіл Жоламанов журналистиканың қоғам өміріндегі рөлін ерекше атап өтті.

– Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамның айнасы ғана емес, ел мен халықтың арасындағы алтын көпір. Қай кезде де журналистер шындықтың шырағын сөндірмей, халықтың үні болып келеді. Сіздер ел ішіндегі түйткілдерді көтеріп, мемлекеттік саясаттың жүзеге асуына ықпал етіп отырсыздар. Әрбір материалыңыз – ел болашағына қосылған үлес. Бұл – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін жұмыс. Сондықтан баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, мықты денсаулық, сарқылмас шабыт, қалам қуаты мен шығармашылық табыс тілеймін, — деді басқарма басшысы.
Жиынға облыстық газеттердің, телеарналардың және интернет ресурстардың журналистері қатысты. Қатысушылар елдік мәселелерді дер кезінде көтеріп, өңірдің тыныс-тіршілігін халыққа жеткізіп жүрген қаламгерлерге көрсетілген құрметті жоғары бағалады.
Нұрайби БАЙНҰР