Атырауда балық шаруашығы саласында 2025 жылға дейін 16,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылады
Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалағымен өткен Үкіметінің отырысында жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы мен балық саласын дамыту мәселесі қаралды. Онда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов балық шаруашылығы саласын дамыту туралы баяндама жасады.
Аймақ басшысының мәліметінше, 2022 жылдың 11 ай ішінде Каспий теңізі, Жайық және Қиғаш өзендерінен 14 мың тоннаға жуық балық ауланған. Оның 13,2 мың тоннасы өңделіп, 12,7 мың тонна өнім Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Израиль және өзге де шет мемлекеттерге экспортталды. Сондай-ақ Атырау облысында балық қорын сақтау және оны молайту бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты.
— Атап айтсақ, өңірімізде бекіре балықтарының қорын сақтау және өсімін молайту мақсатында жыл сайын Жайық өзеніне 8 млн дана шабақ суға жіберіледі. Жайық және Қиғаш өзендеріне 2017-2021 жылдар аралығында 169 шақырым түп тереңдету жұмыстары жүргізілсе, 2022-2026 жылдары аралығында 295 шақырымға қазу жұмыстары жүргізіледі. Браконьерлікке қарсы күрес шаралары жүйелі түрде жүргізіледі. Биыл 2620 әкімшілік және 62 қылмыстық іс тіркелді. Құқық қорғау органдарының біріккен шараларының нәтижесінде браконьерлік фактілері өткен жылмен салыстырғанда төмендеді. Жайық-Каспий облысаралық Балық шаруашылығы инспекциясының материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында 2019-2021жж. жылдам жүретін «Corvet 600»-10 дана катері, «Mercury 200» маркалы 10 дана аспалы моторы, 1-бранвахта, 9-автокөлік алынды,-деді С.Шәпкенов.
Сонымен қатар Серік Шәпкенов өңірімізде балық аулаумен қатар тауарлы балық өсіруді дамыту жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
— 2025 жылға дейін 16,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 8-і балық өсіру шаруашылығымен айналысса, біреуі балық өңдеу цехы ретінде салынады. Осы жобалардың нәтижесінде тауарлы балық өсіру көлемі 78 тоннадан 15 мың тоннаға, балық өнімін экспорттау көлемі 12,7 мың тоннадан 25 мың тоннаға артады. Нәтижесінде 511 жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады,-деді С.Шәпкенов.
Жалпы Атырау облысында 21 балық шаруашылығы субъектісі бар, оның ішінде 19-ы кәсіптік балық аулау және 2-і тауарлы балық өсірумен айналысады. Осы кәсіпорындарда 614 адам тұрақты және 3217 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.