
Атырауда балық шабақтары қырылуы мүмкін
Облыс аумағында Атырау-Астрахан, Атырау-Мақат тас жолы бойындағы былтырғы көктемгі өр суынан бөлініп қалған жайылма суда өте көп мөлшерде «су маржандары» мен балық шабақтары табылып жатыр. Ауа температурасының жоғарылауынан шабақтардың жаппай қырылу фактісі орын алуы ықтимал. Осыған орай жоғарыда аталған аймақтарда балық шабақтарын шұғыл түрде құтқару жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл туралы «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясында өткен жиында атап айтылды.
Басқосуға осы салаға жауапты жергілікті мекемелер мен балық шаруашылығы субъектілерінің өкілдері қатысты.

Белгілі болғанындай, Атырау-Астрахан тас жолы бойындағы жайылым судағы балықтарды құтқару жұмыстарына Махамбет балық инспекциясы бөлімі, аудандық әкімдігі мен «Тілекші» және «Ш. Сүлейменов» ЖШС-нің қызметкерлері жұмылдырылуда. Ал Атырау-Доссор тас жолы, Соколок аймағындағы жайылма суда қалып қойған балықтар мен шабақтарды құтқаруға Атырау қалалық балық инспекция бөлімі, шаһар әкімдігі, «Арнаулы көлік базасы» ЖШС және Амангелді атындағы өндірістік кооператив, «Восток», «Абылай-Хан», «Е.Сарсенбев» «Каспий бекіресі Лимитед» ЖШС-терінің мамандары жұмылдырылған.
Айта кету қажет, тұрғындар облыс аумағынан балық және балық шабақтарына қатысты деректерге кезіккен жағдайда аумақтық инспекцияға немесе жергілікті атқарушы органдарға хабар берген жөн. Өйткені күш біріктіріп, ынтымақтаса қарекет қылғанда ғана құтқару жұмыстарының нәтижелі болары даусыз.
Алмас ЖҰМАШЕВ,
«Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы