Атырауда балалар шипажайы жаңарды
Atr.kz/18 желтоқсан, 2019 жыл. Атырау қаласындағы облыстық туберкулезге қарсы балалар санаториясы күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді.
Нысанның салтанатты ашылу рәсімінде санатория директоры Ұлжан Мұхтарова мекеменің негізгі жұмыстарымен таныстырды.
«Бізде туберкулезбен ауыратын емес, осы дерттің вирусын жұқтырған, манту екпесі іскен балалар емделеді. Емдеу-сауықтыру орталығы бір мезетте 75 баланы қабылдайды. Орталық осынша кереуетпен жабдықталған. Мұнда аталмыш дерттен емделгеннен кейін бүлдіршіндердің денсаулығын бақылап, нығайтуда оңалту жұмыстары жасалады. Үш-он бес жас аралығындағы балалар қабылданады. Олар медициналық көрсеткіштеріне қарай үш, алты ай, бір жылға дейін біздің бақылауда болып, ем қабылдайды. Бір жылдың ішінде 350 балаға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Мұнда жергілікті бюджет қаражатынан жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарын «Кварц Спец Сервис» ЖШС мердігер компаниясы атқарды» деді Ұлжан Мақсотқызы.
Жайық жағалауында орналасқан бұл ғимараттың ауласы кең. Емделушілер үшін үш корпус жасақталған. Алдағы уақытта осы алаңға үш-төрт қабатты жаңа ғимарат тұрғызу жоспарланыпты. Сондай-ақ, футбол алаңы да жасақталады. Мекемеде бірнеше жыл тәжірибесі бар екі фтизиатр-дәрігер, мейірбикелер қызмет етеді. Балалар оңалту орталығындағы медициналық ем қабылдап қана қоймай, мектеп бағдарламасы бойынша күнделікті сабақтан да қалыс қалмайды.
Олар үшін Атырау қаласындағы №21 орта мектептің мұғалімдері орталыққа келіп, оқытады. Балалар білікті педагогтар мен тәрбиешілерден дәріс алады. Тәрбиелік бағытта әртүрлі іс-шаралар да ұйымдастырылады. Сонымен қатар, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда ойын-сауық орталықтарына апарылады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА