
Атырауда балабақшаларға ваучерлік жүйе енгізілуде
30 маусымнан бастап аймақтағы мектепке дейінгі мекемелерде ваучерлік қаржыландыру жүйесі ресми түрде іске қосылды. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Ғилманова мәлімдеді.
Жаңа жүйе бойынша ваучерлер баланың кезекке тұрған жылы, жасы және әлеуметтік мәртебесіне қарай 21 санатқа бөлініп беріледі. Бұл туралы ата-аналарға 1414 нөмірінен SMS-хабарлама жолданады. Хабарлама алғаннан кейін ата-ана ваучерді екі жұмыс күні ішінде растауы қажет. Уақытында расталмаса, ваучер жойылады. Дегенмен оны бір рет, 28 күн ішінде қалпына келтіруге мүмкіндік беріледі.
–Расталғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде ата-ана балабақшаны таңдап, құжаттарын тапсырып, келісімшартқа қол қояды. Егер таңдалған балабақшада орын болмаса, жүйе баланы автоматты түрде «күту парағына» тіркейді. Орын босай қалған жағдайда ата-анаға хабарлама жолданып, бұл кезде де оны растау үшін екі күн ғана беріледі. Биыл маусым-шілде айларында бұл жоба Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Алматы қалаларында жүзеге асырылып жатыр, — деді Г.Ғилманова.
Жаңа модель қаржыландыру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, балабақшалардың сапалы қызмет көрсетуіне сеп болмақ. Енді қаражат баланың нақты қатысуын растайтын деректер негізінде ғана балабақшаға аударылады.
Мамандардың сөзінше, бастама мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ата-аналар мен мекемелер арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеріп, таңдау еркіндігі мен есеп берудің айқындылығын қамтамасыз етпек.