#Birgemiz#: Өзінің жағдайы жетпесе де, өзгелерге маска тіккен атыраулық ана көпшілікті таңқалдырды
Atr.kz/31 наурыз, 2020 жыл. Атырау облысында «Birgemiz» жобасы аясында азық-түлік себетін алған Гүлзада Мұқасалиева медициналық маска тігуде.
Өзінің айтуынша, тұрмысы төмен отбасы ретінде әлеуметтік көмек алған. Оған «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалының еріктілері «Birgemiz» жобасы аясында азық-түлік себеті мен медициналық маскаларды, сонымен бірге, антисептикалық құралдарды, өзге де тауарларды жеткізіп берген.
«Бұл – біз үшін үлкен көмек. Өйткені, мен мүмкіндігі шектеулі үш баланы тәрбиелеп отырмын. Ал, жұбайым денсаулығына байланысты ұдайы дәрі-дәрмек қабылдайды. Тұрақты жұмысы жоқ. Мемлекет тарапынан бұған дейін де әлеуметтік жағдайымыздың төмендігіне байланысты әлеуметтік қолдау жасалып келді. Әсіресе, «Nur Otan» партиясының Атырау облыстық филиалы үнемі жәрдемдесіп тұрады», — дейді Атырау қаласының тұрғыны Гүлзада Мұқасалиева.
Сондай-ақ, ол төтенше жағдай кезінде көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдірді.
«Мемлекет басшысы жұқпалы індет тараған сәттен бастап халыққа әлеуметтік қолдау көрсету шараларын қолға алды. Қазір несиені төлеуді үш айға шегерді. Қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкендерге жалақысы толық төленетін болды. Коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерді қаржылай қолдаудың жаңа пакеті енгізілді. Осындай қолдау жасалып жатқан кезде мен де бос отырмай, медициналық маска тігуді бастадым», — дейді ол.
Бұған дейін тапсырыс алып, түрлі тағам пісірген екен. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері медициналық маска тігіп, 100 данасын әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға тегін таратып келген. Қазір маскаларды қолжетімді бағамен сатуда. Оған тұрғындардан да, жергілікті әкімшіліктен де сұраныс бар.
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ