Атырауда азық-түлік қоры жеткілікті
Atr.kz/18 наурыз, 2020 жыл. Биыл өңірлік тұрақтандыру қорына 2175 тонна өнім сатып алынды. Әлеуметтік маңызы бар бұл тауарлар бүгінгі күні «Дина», «Көктем», «Насиха», «Сарайшық» базарларында нарықтық бағадан 10-20 пайыз төмен бағымен сатылуда. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар орталығында «Короновирус инфекциясына қарсы жұмыстар: азық-түлік қоры мен бағалары» тақырыбында өткен брифингте айтылды.
Алғашқы болып сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, аймағымызда бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларға шектік баға қойылған. Яғни, аталмыш өнімдердің бағасы көрсетілген мөлшерден қымбаттамауы тиіс. Бүгінгі күні осылардың ішінде тек жұмыртқа өнімінің ғана бағасы 4 пайызға өсіпті.
Жалпы, 2019-2020 жылдарға арналған өңірлік тұрақтандыру қорына келісімшарттар арқылы 1115 тонна азық-түлік тасымалданды. Оның 700 тоннасы – картоп, 115 тоннасы – сәбіз, 150 тоннасы – пияз, 150 тоннасы – қырыққабат. Қазіргі уақытта аталған өнімдер операторлардың қоймаларында сақталуда. Бұған қоса, нан бағасын тұрақтандыру мақсатында Орал қаласындағы «Жилаев» АҚ-нан 1060 тонна мөлшерінде бірінші сұрыпты ұн сатып алынды.
– Қазіргі уақытта облысымыздағы бірінші сортты нанның орташа бағасы 85 теңгені құрайды. Нанның ең төменгі баға көрсеткіші «Дәулет-Нан» дүкендер желісінде 75 теңгеден сатылуда. Қаламыздағы ірі сауда орындарындағы азық-түлік өнімдерінің қор мөлшерін қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімдерінің мамандары күнделікті мониторинг жүргізу арқылы тексеріп отыр. Бүгінгі күні қаламыздағы ірі сауда орындарының бәрінде де азық-түлік тауарларының қорлары жеткілікті, — деді басқарма басшысы Қайрат Есқабылұлы.
Осыдан соң, «Атырау» ӘКК АҚ департамент директоры Дмитрий Дю әлеуметтік нан дайындау үшін қаладағы 9 наубайханаға бірінші сұрыпты 440 тонна ұн жеткізілгенін хабарлады.
– Осы мерзімде облысымыздағы тұрақтандыру қорында қалған тауар – 1491 тоннаны құрайды. Оның 549 тоннасы – картоп, 106 тоннасы – пияз, 128 тоннасы – қырыққабат, 87 тоннасы – сәбіз өнімдері. Бұл облыс халқын бағасы төмендетілген тауарлармен мамыр айына дейін, ал, ұнмен шілде айына дейін қамтамасыз етуге жетеді. Сондай-ақ, халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында қазір ірі көтерме сауда орындары мен супермаркеттерге төмен пайызбен қарыз беру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні ірі сауда желілері бар «Идеал» ЖШС-мен арады меморандумға қол қойылды, — деді департамент директоры.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ