Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда «Азан» радиосы ашылды

Облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік тапсырысы арқылы алғаш рет ақпараттық-танымдық «Азан» интернет радиосы әуе толқынына шықты. Руханияттың ұйытқысына айналған «Иманғали» мешітінің жанынан ашылған радионың алғашқы эфирінің құрметіне тілеулес азаматтардың басын қосқан салтанатты жиын ақ батаға ұласты.

Бұған дейін де діни ақпарат тарататын телеарна, сайты бар муфтияттың облыстағы өкілдігінде алға қойған жоспар көп екен. Әзірге интернет арқылы жұмыс істеп тұрған радионың жұмысын одан әрі жандандыру көзделген.

Ақжолтай жаңалықпен Атырау жұртшылығын құттықтай келген Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының наиб мүфтиі, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов, Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай радионың ашылу салтанатына қатысты.

– Өмірге нәресте келгенде азан айтылады. Алла Құранда: «(Мұхаммед) оларға: «Ол сондай Алла, сендер үшін есту, көру және сезуді жаратқан. Сонда да аз шүкір етесіңдер» де» деп айтады. Адам баласы дүниеге келгеннен кейін ең бірінші естиді. Ал, үш-төрт айдан кейін ғана көре алады. Пайғамбарымызға да уахи – айтылу арқылы келді. Ең алғашы аят: «…Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» деген. Сондықтан Мұхаммед пайғамбардың үмметінде қарилар көп. Тек қана көру арқылы адам баласы тілін дұрыстай алмайды. Еститін адам ғана сөйлей алады. Сіздердің радиоларыңыз елде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ халқына пайдасы тиюін нәсіп етсін, — деді Сансызбай Құрбанұлы.

Радио тек жаңалықтармен шектелмей, ағартушылық бағытта да жұмыс істейді. Пайғамбарлардың тарихы, халқымыздың тарихы, дін қайраткерлерінің өмірі баяндалады. Әсіресе тарихи-танымдық, мәдени-ағартушылық, діни сауықтыру және қоғамның өзекті мәселелерін ашық алаңда талқылау арқылы тыңдарманмен ұдайы кері байланыста болу – «Азан» радиосының негізгі ұстанымы. Сондай-ақ бұл – дін мен дәстүр, тарих пен мәдениеттің біртұтастығы негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, радикалды діни ағымдарды алдын-алуға бағытталған заманауи ақпараттық платформа. Апта бойына үзіліссіз хабар тарататын радиостанцияда тыңдарманның сұранысын қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалған. Интернет-радио көкейдегі сұраққа сала мамандарын шақырып, жауап беруге ынталы. Түрлі жағдаяттар алдында таңдауда тұрған жас буынға жол көрсетуге, билік пен қоғамның бір арнада тең тоғысуына мұрындық болатын пікірталас ортасына айналмақ.

Сонымен қатар, «Азан» радиосы зерделі ақпаратты таратуға, үйретуге және жол сілтеуге бағыттайтын нұсқаушы болуды көздейді. Әр саланың білікті шетелдік әрі отандық мамандарымен диалогтар орнату арқылы радиотыңдаушылардың ақпараттық мұқтаждығын қамтамасыз етпек. Радиоға 25-50 жас аралығындағы жергілікті білікті журналистер тартылды. Олар эфир мен әлеуметтік желідегі контентті толықтыру, хабар мазмұнына сәйкес мәліметтерді дайындау, интерактивтік және ақпараттық жеделдікті қамтамасыз ету мақсатында заманауи студиямен жабдықталған.

Республика бойынша тұңғыш салалық радио – «Азанның» алғашқы қонағы наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы болды. Ол радионың алдағы жұмысына сәттілік тілеп, өміршең болуына тілектестігін білдірді.

Алмас ҚАБДОЛОВ
сурет автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button