Атырауда автожол құрылысы барысында адам сүйектері табылды
Atr.kz/29 шілде, 2019 жыл. «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолының құрылысы барысында адам сүйектері табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «ҚазАвтоЖол» компаниясына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай үш адамның сүйегі 10 метр тереңдікте топырақ астынан шыққан. Айта кетсек, бұл жер қорымнан біраз қашықтықта орналасқан. «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолын қайта жаңарту жұмыстарының бас мердігері «СинеМидасСтрой» компаниясы өкілдері аталмыш оқиға тіркелген сәттен бастап, карьердегі барлық жұмыстарды тоқтатты.
Сондай-ақ, мердігер компанияның басшысы карьер жұмысын басқа жерге ауыстыруды тапсырды.
«Жергілікті тұрғындардың және ақсақалдардың айтуынша, аталмыш жерде қорым болғанын ешкім білмеген. Табылған адам сүйектері қай ғасырға жататыны әзірге белгісіз. Құқық қорғау орындары тиісті сараптама жүргізгеннен кейін адам сүйектері ауыл іргесіндегі қорымға жерленеді», делінген хабарламада.
Еске салсақ, карьердегі жұмысшылар адам сүйектері табылған сәтте мердігер мекеме «СинеМидасСтрой» басшыларына хабарламастан телефонға түсіріп әлеуметтік желіге жариялап жіберген болатын. Құрманғазы ауданы әкімі Қайрат Нұртаев карьер басындағы жұмысшылармен әңгімелесіп, аталмыш жағдай кездессе дереу аудан әкімдігіне, «СинеМидасСтрой» компаниясы басшыларына хабар беруді ескертті.