Атырауда автокөлік өртінің 16 жағдайы тіркелді
Осы жылы Атырау облысының аумағында автокөлік өртінің 16 жағдайы тіркеліп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға көп. Бұл туралы Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Берденов баспасөз брифингі барысында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған оқиға бойынша былтыр 6 жағдай тіркелсе, биыл тағы да 10 жағдайға артып отыр. Алайда, тілсіз жаудан зардап шегіп, қаза тапқандар жоқ. Орын алған автокөлік өртінің басым көпшілігі электр токтарының қысқа тұйықталуынан болып отыр.
— Биыл Атыраудағы автокөлік өрті төрт жағдайға көбейсе, Жылыой және Құрманғазы аудандарында екі оқиғаға, ал Махамбет, Мақат, Индер аудандандарында бір жағдайдан тіркеліп отыр. Өртке оранған көліктердің 87 пайызы жеңіл, 12 пайызы жүк көлігі. Сондай-ақ олардың 43 пайызы өзіміздің елімізде тіркеуде тұрған болса, 56 пайызы шетелдік тіркеудегі көліктер, — деді Д.Берденов.
Оның айтуынша көліктердің өртенуіне себеп болған жағдай электр қондырғыларды монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы себеп болуда. Сондай-ақ тіркелген оқиғалардың басым көпшілігі 2001-2010 жылдары шамасында жарық көрген автокөліктер мен ВАЗ маркалы автокөліктерінде орын алатынын айтты.
Брифинг барысында Д.Берденов облыс тұрғындарына автокөлікті дер кезінде техникалық бақылаудан өткізіп тұруды және қауіпсіздік шараларын қатаң түрде пайдалану керектігін ескертті.