Атырауда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш жылда 768 жұмыс орны ашылды
Биыл облыс бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 ауылдың ажары кіріп, инфрақұрылымдары жаңаратын болады.
Қосымша мəдени спорттық ғимараттар салынады. Облысқа қарасты 153 ауыл болса, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 93 ауыл қамтылғалы тұр. Қосымша, Мақат, Индер кенттері де жобаға енген.
– Бұған дейін де аталған бағдарлама негізінде 24 млрд. теңгенің 41 жобасы жүзеге асқан болатын. Атап айтқанда, алыс ауылдарда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты 15 нысан, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларындағы 20 нысан жаңадан бой көтерді немесе толықтай қайта жарақтандырылды. Ал, биыл 15 ауылды дамыту үшін республикалық бюджеттен 5,8 млрд. теңге бөлініп, осы қаражатқа 22 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, — деді облыстық экономика жəне бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Рафик Əбуов.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш жылда 768 жұмыс орны ашылды. Мəселен, Мақат ауданында былтыр 2 млрд. 36 млн. теңгенің 6 жобасы қолға алынған еді. Оның ішінде 4 жобаның құрылысы аяқталды. Биыл «Доссор кентінде 4 ойын алаңының құрылысы қолға алынады. Оған 288 млн. теңге бөлініп отыр. Ал, аудан орталығы – Мақат кентінде стадионның құрылысын жүргізу жоспарланған. Мемлекет басшысының алдағы 3 жылды ауылға арнауы осындай көптеген игі істердің ұйтқысы болғалы тұр.
Арыстанбек КЕНЖЕ