АТЫРАУДА АРЗАН АЗЫҚ-ТҮЛІК САТЫЛУДА
Пияз — 80 теңге: Атырауда тұрақтандыру қоры арқылы бағасы арзан азық-түліктер сатылуда.
Атырау облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда, бұл мақсатқа 1 млрд. теңге бөлінді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Премьер-министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге азық-түліктің әрбір атауы бойынша бағаны бақылауды күшейтуді, тұрақтандыру қорларында қажетті көлемді қамтамасыз етуді және «айналым схемасына» қосымша қаржыландыру бөлуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Атырау облысында бағаны белгілі бір шекте ұстап тұруға мүмкіндік бар. «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры Дмитрий Дю хабарлағандай, қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының қоймаларында 216 тонна азық-түлік және 2379 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері бар.
Тауарлар күн сайын сауда нүктелеріне жеткізіледі.
- Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру аясында «Атырау» ӘКК өңірдің төрт ірі сауда желілері мен тауар өндірушілеріне айналым қаражатын толықтыруға 1 млрд 35 млн теңге көлемінде қарыз берді. Айта кету керек, бұл қаражат қайтарымды. Кәсіпкерлер алдында әлеуметтік маңызы бар азық — түлік тауарларының 19 түрінің бағасын тұрақтандыру міндеті тұр, — деді Дмитрий Дю.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда тауарлар «Лидер» және «Идеал» супермаркеттерінің 39 нүктесінде нарық бағасынан 33% — ға төмен бағамен сатылуда.
- Ауыл шаруашылығы тауарлары облыс орталығының төрт базарында нарық бағасынан 63% төмен бағамен сатылады. Басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлар қажеттілігіне қарай сауда нүктелерінде толықтырылуда, — деп атап өтті Дмитрий Дю.
Айта кету керек, шекті бағаларды әрбір өңір үшін жергілікті атқарушы органдар жеке белгілейді және олар елдің басқа өңірлеріне қолданылмайды.
Қазіргі таңда, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген нан 80-82 теңге, сиыр еті (сүйегі бар жауырын-төс бөлігі) – 1853 теңге, он жұмыртқа– 360 теңге, картоп – 185 теңге, пияз – 80 теңге, сәбіз – 145 теңге, қырыққабат – 125 теңге, қызылша – 170 теңге тұрады. Көкөністер «Дина», «Сарайшық», «Насиха» және «Көктем» базарларында сатылуда.
Тұрақтандыру қоры арқылы жеткзілетін азық-түлік өнімдері супермаркеттер желісінде сатылады, олар «Тұрақтандыру қорының тауарлары» деген жазуы бар арнайы сөреге орналастырылған.