Атырауда арнайы рұқсат алған мекеме қызметкерлері төтенше жағдай режимін бұзды
Аtr.kz/19 сәуір, 2020 жыл. Жедел штаб қызметкерлері жүргізген тексеріс барысында рұқсат етілген ұйымдар мен компаниялар (арасында шетелдік те бар) жүргізушілерінің және жұмысшыларының қала ішінде жеке қорғаныс құралдарынсыз жүру жағдайы анықталды, деп хабарлайды ТЖ қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штаб.
Күндізгі рейдтің нәтижесі төтенше жағдай режимін бұзу азаймай тұрғанын аңғартады.
— Карантинді жеке көлік пайдалануға рұқсат берілген мекемелердің жүргізушілері бұзуда. Олар рұқсат етілмеген уақытта жеке қорғаныс құралдарынсыз жүреді, — дейді штабтағылар.
Сонымен қатар, тамақ және азық-түлік жеткізу қызметтері тапсырыс қабылдауға рұқсат алғаннан кейін, жолаушыларды тасымалдап жүргені белгілі болды.
— Біз Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қозғалысқа тыйым салынған уақыт аралығында осындай фактілерді болдырмау үшін қатаң шаралар қолдануға мәжбүрміз. Олар белгіленген әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады, — деп түсіндірді Жедел штаб.