Атырауда анықталған әйел COVID-19 індетін ұшақта жұқтырған болуы мүмкін
Atr.kz/31 наурыз, 2020 жыл. Бұған дейін «Алматы-Атырау» рейсіндегі жолаушылардың бірі коронавирустық инфекциямен ауруханаға жатқызылған болатын, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.
21 наурыз күні келген «Алматы-Атырау» рейсінің кемінде екі жолаушысы COVID-19 жұқтырған. Олардың бірі — 29 наурызда инфекциялық карантин аймағына орналастырылған 19 жастағы студент болса, екіншісі — бүгін, 31 наурызда коронавирус инфекциясы анықталған 49 жастағы әйел. Әйелдің қауіпті ауру жұқтырғаны студентпен байланыста болған адамдарды тексеру кезінде расталған.
Осыған дейін, студенттің «Алматы-Атырау» бағытындағы рейспен 17 наурыз да келгені хабарланған болатын. Кейінірек студент жігіттің Атырауға 21 наурызда келгені айқындалды.
Аталған рейстегі барлық жолаушылар анықталып, оқшауланды, қазіргі уақытта оларға ПТР-тест жасалуда.