Атырауда Әнұран авторларының біріне ескерткіш-бюст қойылды (+ФОТО)
Көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әнұран авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл толуына орай Атырау қаласында жаңа еңселі ескерткіш-бюст бой көтерді.
Ж.Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің алдына орнатылған ескерткіш-бюстінің салтанатты ашылу рәсіміне бір топ зиялы қауым өкілі қатысты.
Ақын ескерткішінің ақ жамылғысын түсіру құрметі салтанатты шараның арнайы қонақтары, елімізге белгілі тұлғалар – Ғарифолла Есім, Әйкен Жұмекенқызы, Марат Азбанбаев пен Сәрсенбай Еңсегеновке жолданды.
Шарада сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшы Ақылбек Рысқалиев ескерткіштің мән-маңызына тоқталды.
- Кеңестік үкімет 1956 жылы ұлан байтақ қазақ жерінің солтүстік аймағындағы Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарын Қазақ республикасы құрамынан бөлуге әрекеттенді. Осы кезде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов қазақ жастарының ойы мен бойын кернеген «туған жерді талауға бермейміз» деген өр рухын сөз бен сазға сыйғыза білді.
Өнердің өміршеңдігі оның өзектілігінде екенін уақыт көрсетіп отыр. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген әннің кейін Әнұранға айналуы соның дәлелі. Ал, оның авторларының арасында Жұмекен атамыздың болуы — біз үшін зор мақтаныш. Ендеше, қуаныш құтты болсын! — деді ол.
Сондай-ақ, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қадыр Жүсіп және басқа да ел ардақтылары өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Жалпы, ескерткіш-бюстті ашу бастамасы Мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегеновтің қолдауымен жүзеге асты. Ал, авторы — белгілі мүсінші Серік Мәтениязов. Одан әрі жиналған қауым білім ордасындағы Ж.Нәжімеденовке арналған мұражаймен танысты. Мұнда ақынның өзі пайдаланған дүниелері, қолжазбалары мен 7 томдық шығармалар жинағы қойылған. Мектептің педагог-ұйымдастырушысы Вера Миденованың айтуынша, мұражай былтыр жасақталған.
Одан әрі зиялы қауым өкілдері Салтанат сарайы алдындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.
Қазақ әдебиетінің біртуар қаламгеріне арналған шара Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде жалғасады. Онда «Ж.Нәжімеденов және қазақ поэзиясының көркемдік даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-теориялық онлайн конференция өтеді.
Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп, «Жұлдызды Жұмекен» кітабының авторы, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, белгілі қаламгерлер Мереке Құлкенов пен Есенғали Раушановтар айшықты ойларын ортаға салады деп күтілуде. Бұдан басқа, басқосуға Қытай, Түркия, Әзербайжан елдерінен келген өкілдер де қатысады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Фото: Ерлан АЛТЫБАЕВ