Атырауда алты айда жеке және заңды тұлғалардан 20 мыңға жуық өтініш келіп түскен
Atr.kz/27 тамыз, 2020 жыл. Атырау облысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға 2020 жылдың 6 айында жеке және заңды тұлғалардан барлығы 18 211 өтініш келіп түскен.
Жеке және заңды тұлғалар тарапынан түскен өтініштер өткен жылдың алты айында 16 302 болған. Мамандардың айтуынша, биылғы жылы өтініштердің артуына карантин әсер еткен. Басым көбі медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты сондай-ақ еңбек қатынастары мәселелеріне байланысты сұрақтар.
Сонымен қатар, осы жылдың 1 наурызынан бастап өңірде азаматтарды қабылдау жөніндегі фронт-кеңсе ашылған болатын. Мұнда азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі сапалы қарастыру жөніндегі міндет қойылған. Сондай-ақ, келушілер үшін қолайлы жағдайлар жасалып, кеңсе қажетті құрал-абдықтармен қамтылған.
— Қазіргі уақытта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен ұынылған сервистік әкімдік форматында Атырау қаласы және аудандар әкімдігінде фронт-кеңсе ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл өз кезегінде халықтың өтініш-тілектеріне құлақ асып, оларға құзырлы лауазымды тұлғалармен консультациялар және түсінік беру жұмыстарын жүзеге асыруға септігін тигізеді, — дейді облыс әкімдігі аппараты өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Жандос Бөлекбаев.
«Атырау облыстық коммуникациялар қызметі»