Бірі өзбек азаматы, Атырауда алты адам карантин аумағын заңсыз кесіп өтпек болған
Atr.kz/3 сәуір, 2020 жыл. «Қала толықтай оқшауланған бірінші тәулікте Атыраудан шығу жолдарында орналасқан бөгет бекеттерді заңсыз кесіп өтпекші болғандардың алты дерегі анықталып отыр» деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мәселен, 2 сәуірден 3 сәуірге қараған түні сағат 00.30 шамасында (яғни, қала толық оқшауланғаннан кейінгі алғашқы жарты сағаттың ішінде) полиция қызметкерлері қара жол арқылы Индер бағытына жаяу өтіп шығып, карантин аймағын тастап шықпақшы болған ер адамды ұстады. Оқиға Алмалы ауылындағы Атырау — Орал автожолы маңына жақын жерде тіркелді.
Заң бұзушы 1986 жылы туған Өзбекстан елінің азаматы болып шықты.
Ұсталған азаматқа қатысты ӘҚБтК 476-бабына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, азамат сот қаулысымен бес тәулікке қамаққа алынды.
Төтенше жағдай режимін бұзғандардың бес дерегі Қазақстан азаматтарына қатысты. Олар жеңіл автокөлік арқылы карантин аумағынан шығып кетпек болған.
Мәселен, екі оқиға таңғы сағат 08.20-да тағы да Алмалы селосы маңынан тіркелді. Бөгет бекетінен тыс айналма қара жолдан Toyota Camry көлігінің 1987 жылы туған жүргізушісі ұсталды.
Бұдан басқа осы жолдан және Қара-өзек бөгет бекеті маңайындағы қара жол бойынан көліктер тоқтатылды.
Барлық деректер бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, материал сотқа жолданды.
Бұған дейін хабарланғанындай, карантин жариялануына байланысты Атырау қаласының кіру-шығу қақпасына төрт бөгет бекеттері орнатылды.
2 сәуір түнгі сағат 00.00-ден бастап карантин аумағына азаматтар мен автокөліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілді.