Атырауда алғаш рет ұлттық киімдер шеруі өтті(ФОТО)
Бұрын-соңды болмаған шара алдағы 4 маусым – Мемлекеттік Рәміздер күніне орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Қазақтың ұлттық киімдер шеруі орталық Махамбет және Исатай алаңынан басталып, Сұлтан Бейбарыс алаңына дейін жалғасты.
«Жалпы, атаулы мереке аясында жыл сайын рәміздеріміздің құндылығын насихаттау мақсатында түрлі бұқаралық шаралар ұйымдастырылып отырады ғой. Бірақ, бұл жолғысының жөні бөлек. Шамамен мың шақты адамды қамтыған ең ауқымды шара қала әкімдігінің бастамасымен және көптеген ірі мекемелердің қолдауымен өткізілуде» дейді ұйымдастырушылар.
Шараның мазмұнды өтуіне түрлі этномәдени бірлестік белсенділері, ардагерлер, қоғам белсенділері, студенттер, балабақша тәрбиеленушілері мен қала тұрғындары да өз үлестерін қосты.
Ұлттық нақышта киінген шеруге қатысушылар Мемлекеттік Туды көтеріп, орталық Сәтбаев даңғылының бойымен жүріп өтті. Соңы Бейбарыс алаңындағы Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ