Жарнама
Жаңалықтар

Атырауда алғаш рет ет бағытындағы құс фабрикасы пайда болмақ

Атырау облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бірқатар агроөнеркәсіптік нысандарды аралап, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты, — деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Биыл шілде айында өңірде «Atyrau Chicken» ЖШС-нің құс фабрикасы іске қосылады. Ет бағытындағы бұл кәсіпорын жылына 5 000 тоннаға дейін құс етін өндіруге қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 9,9 млрд теңге. Бүгінде нысанның дайындық деңгейі – 100%. Төрт құс қорасы мен құрамажем зауыты салынған, ал қасапханада іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Еліміздің құс етіне деген қажеттілігі 79% қамтамасыз етілген. Бұл – өңірдегі алғашқы ет бағытындағы құс фабрикасы. Осындай жобалардың арқасында екі жыл ішінде бұл тапшылықты толықтай жаба аламыз», — деді министр.

Айдарбек Сапаров сондай-ақ «Сарайшық» ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенінде болды. Мұнда сүт және ет өнімдерін өңдеу жүзеге асырылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы – жылына 80 тонна ешкі сүті, 22 тонна йогурт және 15 тонна ірімшік өндіруге мүмкіндік береді. Өнімге жергілікті халық арасында сұраныс жоғары. Бұдан бөлек, шаруашылықта жылына 40 тонна лимон жинайтын лимонарий жұмыс істейді.

Министр «Карат» ЖШС-нің қызметіне де ерекше назар аударды. Оның құрамына «Дәулет Нан» нан зауыты, макарон цехы, ұн тарту диірмені, «Карат» консерві цехы және «Дәулет Су» ауыз су шығару цехы кіреді. Барлық өнім отандық және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.

Атырау облысы АӨК инвестициялық жобаларының Жол картасына сәйкес, 2025–2027 жылдар аралығында жалпы құны 48 млрд теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның алтауы биыл іске қосылады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Сурет: ru.freepik.com

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button