Атырауда «Әлем таныған Елбасы» көрмесі өтті
Atr.kz/20 маусым, 2019 жыл. Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің ең жоғарғы лауазымды қызметін атқаруына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрме «Әлем таныған Елбасы» деп аталды.
Елбасының өмір жолы, туып-өскен ортасы, оқыған білім ордалары, қызмет еткен жылдары туралы мағлұмат беруді көздеген шараның негізгі мақсаты — тарихи тұлғаның өмір жолынан үлгі ала отырып, жас ұрпақты Отанын, халқын сүюге тәрбиелеу, азаматтық, патриоттық сезімдерді ояту.
Көрмеде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өмірі мен қызметі, тәуелсіздік жылдарында, отандық, халықаралық аренадағы экономикалық және саяси жетістіктерді паш еткен фотосуреттер ұсынылды.
Сонау Бумын, Білге, Күлтегін, Тоныкөктер негізін салған Мәңгілік Ел идеясын жаңғыртып, заманға сай жасампаздықпен алға ұмтылып отырған жаңа Қазақстанның қарышты қадамы суреттерден тіл қатады.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.