
Атырауда «AJF eSports Cup 2025» киберспорт турнирі басталды
Бүгін, 16 тамыз күні, сағат 10:00-де Атыраудағы «Beast» компьютер клубында «Counter Strike 2» дисциплинасы бойынша «AJF eSports Cup 2025» киберспорт турнирі басталды.
Аталған турнир «Atyrau Jastar Fest 2025» жобасы аясында, Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылып отыр. Іс-шара облыстық саясат басқармасының тапсырысымен, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтуде.
Турнирге жолдама алу үшін 2–5 тамыз аралығында FaceIt онлайн алаңында 4 іріктеу кезеңі ұйымдастырылған болатын. Әр іріктеу кезеңінің финалисті атанған екі команда – барлығы 8 команда – бүгінгі ақтық кезеңде бақ сынауда.
Іріктеу кезеңіне жалпы саны 261 қатысушыдан құралған 44 команда қатысқан.
Ақтық кезеңге Aulet power, Baka-shayandar, n1, ex-Delta, KETKO, TOTO, voco, Tokyo командалары өткен.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 600 000 теңге.
Дода қорытындысында І орынға — 250 000 теңге, ІІ орынға – 150 000 теңге, ІІІ орынға 100 000 теңге беріледі. Үздік ойыншы 100 000 теңгемен марапатталады.
Айта кету керек, турнир сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара аймақтағы жастар арасында киберспорт мәдениетін дамытуға және талантты ойыншыларды қолдауға бағытталған.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА