Атырауда әйел адам пластикалық отадан зардап шекті
Atr.kz/8 қаңтар, 2020 жыл. « – Алло, сәлеметсіз бе? Біз анамыздың бетіндегі әжімді тарттыру үшін Атырау қаласындағы косметологиялық орталықтың бірінде пластикалық ота жасаттық. Соның салдарынан оның көздері мен қабағы екі түрлі: бірі төмен, екіншісі жоғары болып қалды. Өзі атқарған жұмысты дұрыс жасамағаны үшін орталық қызметкерлерін сотқа бере аламыз ба? Бізге енді қайтпек керек?..»
Бұл – редакцияға қоңырау шалып, өкініш білдірген оқырманның жанайқайы. Осынау жайт тақырыпты зерделеуге қозғау болып, «пластикалық отаның қаншалықты қажеті бар? Мұндай ота түріне кімдер жүгінуде? Бұдан кейін адам өміріне кім жауапты?» деген сауалдарға жауап іздедік.
Сонымен, соңғы кезде сәнге айналып бара жатқан үрдістің бірі – адамдардың пластикалық отаға жиі жүгінетіндігі. Бетіндегі әжімін кетіріп, өзінің жасынан әлдеқайда жас көріну бүгінде нәзікжандыларды ғана емес, кейбір ер азаматтарды да алаңдатады. Көшедегі «ерлер косметологиясы», «бізге келіңіз, жасартамыз!» деп менмұндалаған жарнамалары ілінген косметологиялық емхананың біріне бас сұқтық. Косметолог-хирург Гүлім Орындықова бүгінде келісті келбет үшін жігіттердің де пластикалық хирургтарға жазылып, белгілі бір мерзімде емдеу курстарынан өтетінін айтты.
–Қыз-келіншектермен қатар, бізге қазақ жігіттері де көп келеді. Бірқатарының мазалайтын мәселесі – беттегі әжім. Күйіктен қалған орындарды, пигменттік дақтарды кетіру үшін көбіне жасөспірімдер келеді. Белгілі бір жағдайлардан қалып қойған тыртықты жоюды көздейтіндер де бар. Беттің, еріннің көлемін үлкейтуге арналған «ботекс» деп аталатын қызметке ерлер арасында да сұраныс болып тұрады. Бұл қызметті Астраханнан келген хирург-дәрігер көрсетеді. Мұның бәрі – меніңше жақсы тенденция. Бұған бола жігіттерге ұялудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, сұлу да сүйкімді көрініп жүргеннің несі айып? — дейді ол.
Косметологтың мәліметінше, беттегі әжімді тарттырып, жеңіл күйіктен қалған орындар мен сүйелден арылуға жасалатын ота лазерлік әдіспен жүргізіледі. Оны әсіресе күз, қыс айларында жасатқан жөн. Себебі, бұл әдістен кейін бірнеше күн үйден шықпай, күн көзінен алыс болуы керек. Үш сатыдан тұратын ем-домды рет-ретімен толық алу қажет. Әр кезеңінің құны 60 мың теңгеден басталады.
Пластикалық отаның бұл түрінің барлық еміне үш-төрт ай уақыт кетеді. Соңынан арнайы жақпамайларды жағып, күнделікті күтінген абзал. Ал, емнің толық курсының бағасы шамамен 300 мың теңгені құрайды. Атыраудағы осындай емханаларда арнайы мамандардан кеңес алу тегін. Мұндай қызметті пайдаланушылар арасында шоу бизнес өкілдері мен тележүргізушілер де кездеседі. Эстрададағы әнімен бірге сымбатты сәнімен халық алдына шығып, мейрамханаларда ән салатындар да бет-әлпетін түзетіп жатады. Осылайша, көпшілік алдында біреулер қарттығын жасырса, енді біреулер әжімге жетудің өзін бір бақыт деп санайды. Яғни, кейбір адамдар оқыс жағдайлардан кейін осындай қызметті пайдалануға мәжбүр.
Соның бірі – Атырау қаласының тұрғыны Асылхан Айбаров (аты-жөні өзгертілді). Ол бала кезінде велосипедтен құлап, денесінде хирургиялық ота салдарынан «келлоидтық тыртық» (келлоидные рубцы) деп аталатын жара пайда болған. Алғашында елеусіздеу ғана болып көрінген жараның көлемі ұлғайып, бүгінде тұла бойын жайлапты. Соның кесірінен ол жазда ашық, жеңіл киімдерді кие алмайтынын айтады.
«Бұған дейін хирург, онколог дәрігерлерге қаралдым. Мендегі дерттің оларға еш қатысы жоқ екен. Соңында пластикалық ота жасату қажеттігі анықталды. Облыс орталығындағы бірнеше косметолог — хирургтарға қаралдым. Олардың да мұны емдеуге күші жетпегендіктен, Алматы, Астана қалаларындағы «Дарус» емханасынан, ресейлік мамандардан кеңес алдым. Олар бұрынғы хирургиялық отаның дұрыс жасалмауы әсерінен терінің ортасынан ісік пайда болатынын айтып, бұған пластикалық отаның жеңіл түрін жасату қажеттігін растап отыр» деді ол.
Оның айтуынша, жараның әрқайсысына ай сайын екпе салдырып отыруы тиіс. Бір жараға ғана арналған екпенің құны – 20 мың теңге. Осындай есеппен оған ай сайын 120 мың теңгені құрайтын ем алу керек. Бір өкініштісі, ол бұдан соң дертінен толығымен айықпайды. Ем тек жараларының көлемін кішірейту үшін ғана жүргізіледі. Бала кезіндегі оқыс оқиғадан бүгін эстетикалық медицинаның көмегіне жүгінуге мәжбүр болып отыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА