
Атырауда 9 теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтеді
Биыл 14 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірлерінде барлығы 125 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Оның ішінде 21-і — туристік бағыттағы вокзал. Республика Көлік министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, модернизациялау және реконструкциялау жұмыстары аясында вокзал ғимараттарын қалпына келтіру мен жөндеу, сондай-ақ, инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары атқарылмақ.

Жөндеу жұмыстары аяқталған соң вокзалдардың өткізу қабілеттілігі артып, заманауи күту залдары, интернет, ақпараттық жүйелер мен арнайы сервистер пайда болады деп күтілуде. Атырау облысында 9 теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өткізілмек. Соның ішінде, 2 нысан (Доссор мен Сағыз) жаңадан салынады. Реконструкциялау жұмыстарының басталуына орай облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Қайрат Нұртаев журналистерге сұхбат берді.

-Бұл жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс-монтаж жұмыстарына негізінен отандық кәсіпорындарда шығарылған материалдарын пайдалануға басымдық беріледі. Мұның өзі ішкі экономиканы дамытып, жергілікті өндірушілерді қолдауға қолайлы жағдай туғызады. Атырау облысында аталған жоба аясындағы жұмыстар ұлттық оператор “Қазақстан Темір жолы» акционерлік қоғамы мен республика Көлік министрлігімен ынтымақтастықта атқарылады. Бұл жөнінде мүдделі тараптар арасында өзара келісімге қолжеткізіліп отыр. Осылайша, негізгі жұмыстарды республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатқа “ҚТЖ” ұлттық компаниясы орындайды. Ал инфрақұрылымдарды жақсарту бағытындағы жұмыстар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Қазір жобалаушы және мердігер мекемелермен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жобаға енгізілген әрбір нысан бойынша жоспар жасақталуда. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобаның нақты құны шығарылады, — деді Қайрат Талапұлы.
Айта кету керек, Атырау теміржол вокзалы — облыстағы осы саладағы ең ірі нысан. Вокзал бұдан жарты ғасырдан уақыт бұрын, яғни 1972 жылы салынған. Жалпы ауданы 3 744 шаршы метрді құрайды. Ең соңғы рет жөндеу жұмыстарының жүргізілгеніне он жылға жуықтапты. Орташа есеппен алғанда вокзал арқылы тәулігіне 1 310-ға жуық жолаушы өтеді.
Облыстағы 18 теміржол вокзалының тең жартысы (олар: Атырау, Мақат, Исатай, Ганюшкин, Жамансор, Аққыстау, Сағыз, Доссор және Мұқыр) жаңғыртылады. Жобада бірінші кезекте ғимаратты реконструкциялау, қасбеттерін жаңарту, инженерлік және санитарлық желілерді ауыстыру, жарықтандыру және навигация жүйелерін модернизациялау қарастырылған.
Сондай-ақ айрықша назар халықтың әлеуметтік тұрғыдан көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі тобындағы жолаушыларға оңтайлы жағдай туғызу жағына аударылады. Осы мақсатта арнайы пандустар орнатылып, санитарлық тораптар жабдықталады. Әдейі демалыс бөлмелері жасақталып, мүгедектер үшін арбалар мен көтеріп-түсру құрылғылары қарастырылады. Бұдан басқа, вокзалдар жолаушыларға сервистік қызмет көрсетуге кепілдік беретін заманауи құрылғы-қондырғылармен жарақтандырылады. Атап айтқанда, вокзалдарда пойыздардың қозғалыс кестесі электронды нұсқада көрнекі де ыңғайлы жерге ілінеді. Күту залдары, сөйлесу құрылғылары, сонымен бірге балалы аналар мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы да жұмсақ жиһаздармен жабдықтау да жобада қарастырылған.
— Бір сөзбен айтқанда, жаңарып, жаңғыртылған вокзал ғимараттарының ішкі-сыртқы жақтары келбеттеніп, көріктенумен бірге, орналасқан аумақтарының абаттандырылып, қауіпсіздік шараларының кешенді түрде қолға алынуына кепілдік беретіні даусыз. Ал Сағыз бен Доссор вокзалдарының құрылысы жайлы нақтырақ кейін айтатын боламыз, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімінің орынбасары.
Дәулетқали АРУЕВ