Атырауда 7 сынып оқушысы тамшылата суару қондырғысын ойлап тапты!
АТЫРАУЛЫҚ ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШ ТАМШЫЛАТА СУАРУ ҚОНДЫРҒЫСЫН ОЙЛАП ТАПТЫ.
«Қондырғы суды және минералды тыңайтқыштарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Тамшылата суару қондырғысын ойлап тапқан жас талант — Индер ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қажымұқан Мұқатов» деп хабарлайды Атырау облысы Білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
«Менің ойлап тапқан әдісім — суару кезінде суды, тыңайтқыштарды үнемдеуге қолайлы.
Тамшылата суару, сондай-ақ ағыстық суару кезінде қондырғы судың өсімдік тамырына тікелей баруына мүмкіндік жасайды.
Мұндай үнем қондырғы қақпақшаларының торы, құбырлар, түтіктер көмегімен суды баяу тамшылату нәтижесінде мүмкін болып отыр.
Тамшылатып суару әдісі – суды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды тамырға тікелей әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс», — дейді өнертапқыш оқушы Қажымұқан Мұқатов.
Өнертапқыш оқушы Индер аудандық білім бөлімі оқушылар шығармашылық орталығының «Шебер» үйірмесіне 2017 жылдан бері қатысып келеді. Үйірме жетекшісі Өтепқали Нәсіпқалидың айтуынша, Қажымұқан өте аңғарымпаз бала.
«Біздің үйірмеміз оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында құрылған болатын. Міне, соның нәтижесінде талантты балалар өз қабілеттерін шыңдауда. Қажымұқан өте сабырлы, аңғарымпаз бала. Аудандық, облыстық сайыстарда бақ сынап, түрлі жүлдеге ие болып жүр», — дейді үйірме жетекшісі.