Атырауда 6156 адам КВИ жұқтырып үлгерді
Atr.kz / 9 шілде, 2020 жыл. Атырау облысы аумағында 27 наурыз бен 7 шілде аралығында симптомсыздарды қоса есептегенде COVID-19 расталған 6 156 жағдай тіркелген, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Нақтырақ айтқанда, ең көп коронавирус жұқтырғандар Жылыой ауданында. Мұнда қауіпті індетке шалдыққан 2 822 адам бар. Оның ішінде 2 063 жағдай Теңіз қалашығынан анықталды. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен өткен онлайн брифингте белгілі болды.
— Коронавирус жұқтырғандардың көбі 20 мен 60 жас аралығындағы азаматтар. Олардың ішінде 3 373 жағдай скрининг кезінде анықталды. Ал, 1 902 науқас дертке шалдыққандармен қарым-қатынаста болғандар. Қалғандарынан КВИ өз бетімен медициналық көмекке жүгіну кезінде белгілі болып отыр. Қазіргі уақытта аудандық және ауылдық жерлерде той-томалақ пен жаназаға жиналғандар да вирустың таралуына әсерін тигізді, — дейді облыс әкімі.
Айта кетейік, бүгінгі күні облыста коронавирус жұқтырған барлығы 6 156 науқас тіркелген. Ал, 1 476 адам аталмыш дерттен жазылып шықты.