Атырауда 244 мың теңгенің дәрісі тәркіленді
Atr.kz/29 шілде, 2020 жыл. Атырау қаласында заңсыз сатушыдан сертификатталмаған 244 мың теңгенің дәрісі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Комитеттің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері қала тұрғынынан дәрінің қымбатқа және арнайы рұқсатсыз (лицензиясыз) сатқанын анықтады.
«Іс ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 426-бабы «Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу» бойынша қаралуда. Жалпы сомасы 244 мың теңге Қазақстан Республикасының фармацевтикалық бақылауында сертификатталмаған ресейлік дәрі-дәрмек өнімдері, атап айтқанда, «Плавикс», «Азитрамицин», «Ингавирин 90», «Парацетамол», «Тавиник», «Тромбо АСС», «Кардиомагнил» дәрілері тәркіленген», делінген хабарламада.
Істің материалдары Атырау облысы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберіліп, тәркіленген дәрі-дәрмек Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасына берілді. Комитет дәрілік препараттарды жоғары бағамен сататын дәріхананың іс-әрекеті белгілі болса 8 (7172) 70-84-78 нөміріне немесе Атырау облысындағы департаменттің – 8 (7122) 35-42-10 сенім телефонын хабарлауды сұрайды.