Атырауда 18-ші Солтүстік Каспий өңірлік көрмесі өтті
Atr.kz/ 16 сәуір, 2019 жыл. Сейсенбі күні «Атырау мұнай және газ – 2019» Солтүстік Каспий өңірлік көрмесі ашылды.
Мұнай-газ саласы бойынша айтулы шара осымен 18-ші рет өтіп отыр. Оған Қазақстаннан өзге, Германия, Англия, Түркия, Малайзия, Қытай, Ресей секілді әлемнің 20 елінен мұнай, газ және құрылыс саласында қызмет ететін екі мыңнан астам маман қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Солтүстік Каспий өңірлік көрмесінің мақсаты – Атырау облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев көрменің ашылу салтанатында өткен жылмен салыстырғанда қатысушылардың саны биыл айтарлықтай өскендігін атап айтты.
– Бұл көрме 18-ші рет өткізілуде. Қатысушылардың саны артқан сайын, компаниялардың географиясы да кеңейеді. Бүгінде елімізде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасты. Бұл үшін елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Осыған орай бүгінде біздің облыста 50-ден астам елдің 1000-нан астам өкілі жұмыс істейді. Көрмеде барлық қатысушылар жаңа серіктестер мен достар табатынына сенімдімін, — деді аймақ жетекшісі.
Көрмеде мұнай-газ саласына қажетті құрал-жабдық, құрылғылар қойылып, 50-ден астам шетелдік және қазақстандық компания өнімін ұсынуда. Айтулы шараға алғаш рет қатысушылардың қатарында «Транснефть Диаскан», «Новомет пермь», «Темпо», «Тексан», «Ельтерм», «Silkway Helicopter Services», «Robertson GEO» компаниялары бар.
Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілі Александр Яковлев іргелес екі елдің экономикалық байланыстары артып келе жатқанына тоқталды.
– Өткен жылы Қазақстан мен Ресейдің өзара сауда-саттық көлемі 17,6 млрд. долларды құрады. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға ұлғайған көрсеткіш. Инвестициялық байланыс ауқымы да өсіп келеді. Қазақстанда 6500 қазақ-ресей бірлескен кәсіпорны жұмыс жасайды. Атыраудағы үлкен көрме экономикалық қарым-қатынасқа жаңа жол ашады деп сенемін. Бұл шараға көптеген ресейлік компания келіп отыр. Олар жаңа технологиялы, инновациялы желі, өзге тауарларын ұсынуда, — деген сауда өкілі Ресейдің коммерциялық құрылымдарын Қазақ еліне ин-вестиция салуға шақырды.
«ПСС «Экспорт» ашық акционерлік қоғамының бас директоры Максим Рогачевтің айтуынша, бұл кәсіпорын елімізде 2005 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Негізгі қызметі мұнай-газ саласы және теңіз инфрақұрылымдарының нысандарын электрхимиялық жағынан қорғаумен байланысты.
– Атырау «мұнайлы астана» деп бекер аталмаса керек. Мұнда негізгі мұнай-газ желілері өтіп жатыр. Олардың өндірістік көрсеткішін жоғарылату бағытында біздің компания «Казтрансгаз», «Теңізшевройл», «Ембімұнайгаз» секілді ірі құрылымдармен жұмыс жасауда. Қолданатын технологиямыз физикалық ғылыми өндіріске негізделгендіктен, өте тиімді, — деді бас директор.
Малайзиямен экономикалық байланысқа сауда жөніндегі менеджер Ажар Омарова дәнекер болып жүр. Алыстағы елден Атыраудағы көрмеге төрт ірі компания келіпті. Олардың тауарларының өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, «Био-Солв» деп аталатын жуу құрылғысы инженерлік-техникалық тазарту мақсатында қолданылады. Ол қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкес дайындалған.
– Аталатын сұйық ерітінді цис-тернаны, ұңғыманы тазартқанда көбірек қолданылады. Мұнайдың түрлі лас қалдықтарынан арылуға мүмкіндік береді. Жерге шикізат төгілген жағдайда да тауарымыздың көмегі зор болмақ. Малайзия елінің кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына үлес қосуға ниет танытып отыр. Мұндай байланыс алдағы уақытта да ұлғая береді, — дейді Ажар Омарова.
***
- Солтүстік Каспий өңірлік көрмесіне қатысушы кәсіпкерлер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы шешіміне қолдау көрсетіп, мәлімдеме жасады.
*Сіз не дейсіз?
Нұрлан ҒИНАЯТОВ,
НКОК компаниясының қызметкері:
– Биылғы 9 маусымда елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні туралы шешім орынды, әрі өз уақытында қабылданып отыр. Саяси шара еліміздегі демократияның айқын көрінісі, берекелі өмірдің кепілі болады.
Біз көбінде өзге елдердің өмірін мысалға алып жатамыз. Шындығында, басқалар үлгі тұтатындай демократиялық жаңғыру, өзгерістер өзімізде іске асырылып жатыр. Әлемдік көшбасшы деңгейіне көтерілген Елбасымыздың өз өкілеттігін тоқтатуы – демократияның бір көрінісі. Ал, 9 маусымда өтетін сайлау Қазақстанның жаңа өрлеу бағытына түскендігін айғақтайды.
Мен де алпауыт НКОК компаниясында 9 жыл еңбек ете жүріп, еліміздің мұнай-газ саласындағы оңды өзгерістерді байқадым. Атқаратын қызметім – басшының мүдделі тараптармен жұмыс жөніндегі кеңесшісі. Бұған дейін Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінде заңгер мамандығын бітіргенмін. Шетелде тәжірибеден өттім.
Бұрын шетелдік компанияларда өзге елден келгендер көп болатын. Олардың жаңа технологиялы өндірісте қызмет жасаған тәжірибелері бар еді. Дегенмен, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдіктерді отандық мамандармен алмастыру саясаты, қазақстандық қамтуға бағыт ұсталуы бүгінде өзгеше сипат алуда. Енді компания басшылары жергілікті мамандарға көбірек сенім артатын болды. Мұны сындарлы саясаттың жемісі деп білемін.
Азамат БАЗАРБАЕВ