АТЫРАУДА 15 МЫҢ ТОННА БАЛЫҚ ӨСІРІЛМЕК
Бұл туралы Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы мәлім етті, деп хабарлайды Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі.
Балық – қазыналы өлкеміздің басты да бағалы байлықтарының бірі. Ал, балықшылық – байырғы кәсіп. Ендеше, Қазақстандағы балық шаруашылығының болашағы қандай?
Жыл сайын шілде айының екінші жексенбісі елімізде осы сала еңбеккерлерінің кәсіби мерекесі – Балықшы күні ретінде атап өтіледі.
Осы орайда, біз Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлын сөзге тартқан едік. Оның баяндауынша, облыста 18 табиғат пайдаланушы субъект (оның ішінде екі бекіре балығын өсіру зауыты бар) балық аулаумен шұғылданады. Былтыр Жайық-Каспий бассейні бойынша барлығы 11600 тоннаға тарта су маржаны ауланған. Өңделген балық өнімдерінің басым бөлігі елімізден өзге, Ресей, Украина, Әзербайжан, Израиль мемлекеттеріне экспортқа шығарылады.
– Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі көктемгі балық аулау маусымының мерзімін (Жайық өзенінде 16, Каспий теңізінде 25 мамырға дейін) ұзартқаны белгілі. Мұның өзі табиғат пайдаланушы субъектілердің маусымға бөлінген лимитті игеру көрсеткішін көтеруге мүмкіндік берді. Көптен бері балықшыларды толғантып жүрген биоресурстарды пайдаланғаны үшін алынатын төлемақы жүйесін өзгерту мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Сөйтіп, табиғатты пайдаланушы субъект оның 80 пайызын жылдың бірінші және екінші тоқсанында, қалған 20 пайызын төртінші тоқсанда төлейді, — дейді басқарма басшысы.
Артур Сәдібекұлының айтуынша, бүгінде өңіріміздегі балық аулау флоты ескірген, заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Әлі күнге балық өндірісінде әрісі 50, берісі 30 жыл бұрын жасалған суда жүзу кемелері қолданылады. Ұзындығы 30 метрден кем болмайтын теңіз кемелерін қазірде «Амангелді», «СевКаспийФиш», «Тілекші», «Абылайхан» ЖШС-терінде ғана пайдаланылуда.
Заңсыз жолмен балық аулаушылардың қатары әлі де азаймауда. Мамандардың пікірінше, бұған кінәлілерге қолданылатын жазаның жеңілдігі мен салынатын айыппұл сомасының аздығы, сонымен бірге, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының материалдық-техникалық базасының нашарлығы себепші болып отыр.Браконьерлікпен күресті күшейтуге бағытталған «Бекіре-2021» кең ауқымды балық қорғау акциясы аясында облыста табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1 262 дерегі тіркелсе, оның ішінде 862 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бекіре тұқымдас балықтардың қорын молайту мақсатында «Жайық Атырау» және «Атырау» бекіре балығын өсіру зауыттары жыл сайын Жайық өзеніне 7 млн. дана бағалы балық шабағын жібереді. Мамандардың айтуынша, мұның көлемі әлі аз.Бүгінде бекіре жойылып бара жатқан балық түріне жатады. Қауіпті жағдайдың алдын алу үшін ең әуелі оның популяциясын, яғни биологиялық алуан түрлілігін сақтап қалу керек.
«Тығырықтан шығып, жағдайды қалыпқа келтірудің бірден-бір жолы – бекіре тұқымдас бағалы балықтарды жасанды тәсілмен көбейту» дейді сала мамандары.
Ол үшін бекіре зауыттарында өсіріліп, Жайық өзеніне жіберілетін шабақтардың санын 12-ден 15 млн. данаға (қазіргіден екі есеге) жеткізу керек деп есептейді.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр облыста «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» қабылданғаны белгілі. Осы мерзімде бағдарлама шеңберінде 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осыны тілге тиек еткен Артур Сәдібекұлының түсіндіруінше, оның алтауы – тоған, біреуі – қоршамада балық өсіру шаруашылығы, біреуі – тұйықталған құрылғыда балық өсіру зауыты және соңғысы – бұрыннан пайдаланудағы жобаны кеңейту жолы-мен қуаттылығын арттыру болып табылады. Бұл жобалар жүзеге асырылған жағдайда балық өсіру көлемі 15 мың, экспорттық өнім 25 мың тоннаға жеткізіледі. Осылайша, Жайық-Каспий бассейніндегі кәсіптік балық аулау көлемі 1,5 есеге көбейтіліп, жылына 25 мың тоннаға дейін балық ауланады.