
Атырауда электр энергиясының бағасы тағы өсе ме?
Атырау облысында электр энергиясының бағасы 2025 жылдың қыркүйегінен бастап қымбаттауы мүмкін. Бұл өзгеріс заңдағы жаңа талаптар мен өндірістік шығындардың күрт өсуінен туындап отыр.

Жаңа жылдан бастап өңірлік компаниялар тек желілерді басқарумен шектелмей, электрді тұтынушыға тікелей жеткізетін болады. Яғни, «Атырау Жарық» компаниясы бұрынғыдай тек тасымалдаушы емес, толыққанды жабдықтаушы рөлін де атқарады.
Компанияның есебінше, келесі жылы өңірге жеткізілетін электрдің бір бөлігі Ресейден импортталады. Ал сырттан келетін қуаттың құны жылдан жылға артып барады. Оған қоса KEGOC пен «Қазақстан темір жолы» секілді ұлттық операторлардың қызметі қымбаттап отыр. Жанар-жағармай мен материал бағасының өсуі де қосымша салмақ салды.
Міне, осының бәрі бір-бірімен қабаттасып, тұтынушыға жететін соңғы бағаға әсер етті. Қазір атыраулықтар электр энергиясын 16 теңгеден тұтынып отырса, жаңа жылдан кейін ол 22 теңгеден асады. Бұл – бірден 39 пайыздық өсім. Заңды тұлғалар үшін тариф одан да жоғарылайды, ал бюджеттік мекемелер мен ауыл шаруашылығы тұтынушылары үшін баға 19 пайызға жуық көтеріледі.

Әрине, «баға өссе, халықтың қалтасына салмақ түспей ме» деген орынды сұрақ туындайды. Алайда компания өкілдері мұның барлығы электр энергиясын үздіксіз әрі сенімді жеткізу үшін қажет қадам екенін айтады. Олардың сөзінше, қазіргі шығындар ескерілмесе, алдағы уақытта жарық тапшылығы мен тұрақсыздық қаупі туындауы мүмкін.
Дегенмен, салыстырмалы түрде қарасақ, Атыраудағы тариф әлі де кей өңірлерден төмен. Мәселен, Ақтөбеде 22 теңгеден асса, Батыс Қазақстанда 32 теңгеден жоғары.
Энергетика саласындағы баға өсімі қазірдің өзінде қоғамда үлкен талқылау туғызып отыр. Өйткені электр қуаты – кез келген отбасының да, кез келген өндіріс орнындағы басты ресурс. Сондықтан әр теңгенің артында қарапайым тұтынушының тұрмысы мен кәсіпкердің шығыны тұрғаны анық.

Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллин электр энергиясының бағасын көтеру туралы жария тыңдауда өткір пікір білдірді. Оның айтуынша, тариф өсімінің түпкі мақсаты – халықтың емес, белгілі бір топтың бизнес мүддесін көздейді.
Депутаттың сөзінше, Атырау облысындағы энергетика саласындағы компаниялардың басым бөлігі бір-бірімен тығыз байланыста.
– Бұл компаниялардың барлығы бір жүйе, бизнес мүдделері ортақ. Тариф өсімі түбінде бір қалтаға жұмыс істейді, — деді ол.
Арман Хайруллин халыққа қосымша ауыртпалық болып отырған жылу электр орталығының жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, жылу – электр өндіру барысында пайда болатын қосымша өнім, бірақ соған қарамастан жеке компаниялар оны бөлек сатып, халықтан қыруар қаржы жинап отыр.
Депутат нақты мысал да келтірді. Нұрсаядағы 80 шаршы метрлік пәтердің қожайыны бір айда 3 939 теңге электр энергиясына төлесе, жылуға 11 787 теңге шығындайды. Яғни, қарапайым тұтынушы электр қуатынан үш есе көп қаражатты жылуға беріп отыр.
Оның айтуынша, жылу үшін алты айдың ішінде жеке тұлғалардан миллиардтаған теңге жиналады.
– Бұл – тек қарапайым халықтың қалтасынан шыққан ақша. Ал кәсіпкерлер мен бюджеттік ұйымдарды қосқанда, компаниялардың миллиардтап пайда тауып отырғаны айтпаса да түсінікті, — деді А.Хайруллин.
Депутат энергетикалық компаниялардың экологиялық шығынына да тоқталды. Оның мәліметінше, Атырау жылу электр орталығы жыл сайын 11,3 мың тонна зиянды затты ауаға таратады. Бұл көрсеткіш бойынша ол облыстағы ең ірі ластаушы бес кәсіпорынның қатарына кіреді.
Салыстырмалы түрде қарағанда, заманауи қондырғылармен жұмыс істейтін компаниялардың көрсеткіштері әлдеқайда төмен.
– Ескі технологиялар салдарынан әрбір атыраулықтың үлесіне жыл сайын 13 келі зиянды қалдық тиіп отыр. Бұл – төбемізге тікелей тасталып жатқан у, — деді ол.
Сонымен қатар, су ресурстарын пайдалану мәселесін де көтерді.
– ЖЭО жылына 70 миллион текше метр суды ысырап қылады. Бұл – табиғи қазынамызды унитазға төгіп жатқанмен тең. Ол суды қайта өңдеуге болмайды, циклге кірмейді, — деп қынжылды депутат.
Арман Хайруллин тариф өсімін ақтап отырған компания басшыларына да шүйлікті. Оның айтуынша, егер кәсіп шынымен шығынды болса, бизнес иелері оны ұстамас еді.
– «Шығынға батып отырмыз» деген сөздері шындыққа жанаспайды. Өйткені, дәл осы компаниялардың иелері Forbes тізімінде байлар қатарында жүр. Халыққа шығынды сылтау етіп отырса да, табысты өздері сорып отыр, — деді ол.
Депутат тарифтің көтерілуі әлеуметтік жағдайды ушықтыруы мүмкін екенін ескертті.
– Халықтың төзімі шегіне жетті. Электр қуаты мен жылудың қымбаттауы тұрмыстық шығынды еселеп арттырады. Бұл – халықтың билікке сенімін азайтады, олигархиялық топтарға деген өшпенділікті күшейтеді, — деді депутат.
Сөз соңында Арман Хайруллин мәслихат комиссиясы тарапынан бағаның көтерілуіне түбегейлі қарсылық білдіретінін айтты.
– Энергетикалық компаниялар алдымен экологиялық зиянды азайтып, шығындарды қысқартсын, еңбек бөлінісін әділ етсін. Халыққа ауыртпалық артқан тарифке біздің қарсымыз, -деді ол.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттер автордікі