
Атырау жұртшылығы “Sarmadпен” қосылып ән шырқады
Сенбінің кешінде облыстық халық шығармашылығы орталығында этно-фольклорлық ансамблдің “Алаш аманаты” атты концерті өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Ансамбль жетекшісі Бауыржан Ақтайдың “Мен жастарға сенемін”, “Шүкірінен” бастап, Сүгірдің “Бозінген”, Қадыр Мырза-Әлінің “Қазақ осы” шығармаларын әуелете орындады. Сондай-ақ, Б.Ақтайдың “Караменін” Айгерім Караменова, халық әні “Угай-айды” Ләззат Тастаевалар жеке дауыста орындап, көрермен ықыласына бөленді. Күмбірлеген қоңыр домбыраның назды үнімен күміс көмей дауысын ұштастырып орындаған өнерпаздардың өнері жұртшылыққа жаққаны сондай, өнер десе ішкен асын жерге қоятын көрермен әннің экраннан көрсеткен сөзіне қосылып, бірге ән салды.


Эстрада жанры атойлап тұрған заманда қолдарына қазақтың киелі аспаптарын ұстап, ұлттық өнерді дамытуға өздерінше үлес қосып отырған олардың еңбегіне ел сүйсінді. Риза болмасқа шараң жоқ.
Кеш барысында өнер ұжымы күй атасы Құрманғазының, Дәулеткерей мен Махамбеттің туындыларын да орындап, өнерсүйер қауымды рухани азықтандырып, шат көңілдерін шалқытты.
Айдарбек АҚАРЫС