Атырау жастар театры халықаралық фестивальдің Бас жүлдесін жеңіп алды!
Кеше түнгі сағат 00:30 шамасында Қырымдағы Керчь қаласында апта бойы өткен «Боспорские агоны» театр фестивалінің қорытындысы шықты, деп хабарлайды Атрау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау жастар театры ағылшын жазушысы Бернард Шоудың «Цезарь және Клеопатра» пьесасы негізіндегі «Клеопатра» тұсаукесер қойылымын ұсынды. Бас жүлде үшін Қазақстан мен Ресейдің 11 үздік шығармашылық тобы таласты. Ал біздің елді Атырау жастар театры мен Жамбыл облыстық орыс драма театры ұсынды. Нәтижесінде, 100 мың рубльді құраған Бас жүлде атыраулық жастардың еншісіне тиді. Бұдан бөлек, спектакльдегі басты рольді сомдаған жерлесіміз Ғайни Кукатова «Ең үздік әйел ролі» аталымын жеңіп алды.
– Біз Махамбет атындағы облыстық драма театрының ұжымы болып фествиальдің жабылуын тікелей эфирден тағатсыз тамашаладық. Бас жүлдені жариялап, біздің театрдың аты аталғанда қуанышымызда шек болмады. Өйтпегенде ше?! Біздің жастар екі номинацияны қатар ұтып алды ғой! Айтпақшы, «Цезарь мен Клеопатра» халықаралық сахнада алғаш қойылып отыр, — дейді Атырау облыстық драма театры директорының орынбасары Нұргүл Құмарқызы.