00 4

Атырау үшін әрбір терек маңызды

Жаңалықтар

 Елбасының ізгі бастамаларының бірі – аймақтарды көгалдандыру ісінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жұмысын жандандыру болатын. Облысымызда осы аталған еңбек жасағының кезекті ашылу салтанаты Құрманғазы, Индер, Махамбет аудандарындағы орман шаруашылықтарында өтті.

  Студенттердің әлеуметтік мәселелерін шешу және жастарды жұмысқа орналастыру, қаламызды көгалдандыру мақсатында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы Атырау облысы аумағында 2008 жылдан бері қарқынды жұмыс істеп келеді. Аймағымызды жасыл желекке айналдыру мақсатында атқарылып жатқан істер облыс және аудан орталықтары мен ауылдарда өз нәтижесін бере бастады. Жылдан-жылға ағаш егілген жер мен оған бөлінген қаржы көлемі де артып келеді. Өткен жылы қаламызда мыңдаған түп ағаш отырғызылса, биылғы жылы Ұлы Жеңістің 71 жылдығы құрметіне де осы дәстүр жалғасын тапты.

  «Жасыл ел» еңбек жасағының Атырау облыстық штабының басшысы Ілияс Рашид бағдарламаның жұмыссыз жүрген жастар үшін қолайлы екендігін айтады. «Елбасы әрдайым жастарға үміт артады. Жыл артқан сайын «Жасыл ел» бағдарламасы өз жемісін беріп келеді. Бүгінде туған жердің әсем табиғатын таза ұстауға, аялауға шақырып жүрген жастарымыздың қатары біршама көбейді. Биыл еңбек жасағына 600 адам тартылып, жұмыспен қамтылады. Олар төрт аудан мен үш орман шаруашылығында топтастырылған. Қала көлемінде қазіргі таңда 250 сарбаз жұмыс жасайды», – деді ол.

   Сондай-ақ, осы айдың өзінде 150 сарбаз жұмысқа кіріскенін, алдағы тамыз айында тағы 100 сарбазды еңбекпен қамтитындарын айтты. «Биылғы жылдың мәдени шараларының көпшілігі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылады. Алдағы уақытта облыс көлемінде «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары арасында футболдан турнир өткізуді жоспарлаудамыз», – дейді жасақ жетекшісі. Биылғы жылдың басты жаңалығы ретінде Атырау қаласында «Zhasatyrau» сайты арқылы онлайн режимде «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі болып тіркелуге мүмкіндік берілгенін айтуға болады.

Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған