Жарнама
ЖаңалықтарИнфрақұрылым

Атырау тұрғындарын жерасты суының көтерілуі алаңдатып отыр

Атырау қаласында соңғы уақытта жерасты суы деңгейінің көтерілуі, кәріз жүйелерінің құрылысына қатысты проблемалардың шиеленісіп тұрғаны белгілі. Қала тұрғындары мен газет оқырмандарынан осы тақырыпқа қатысты сұрақтар да жиі туындап жатады. Сондықтан мәселені оңтайлы шешу мақсатында атқарылып жатқан, шешімін күткен жұмыстар мен жоспарлар туралы білу мақсатында «Атырау» газетінің редакциясы қала әкімдігіне арнайы сауал жолдаған болатын. Оған қала әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Серік Нсанбаев жауап берді.

6408fd79 d66b 4017 9902 69239d1e6f22

– Серік Бағытжанұлы, «Жұлдыз-1», «Сарықамыс-2» шағынаудандары бойынша кәріз жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау жұмыстары басталды ма? Оның мерзімі қанша уақытқа есептелген?

– Сұрағыңыз түсінікті. «Жұлдыз-1», «Жұлдыз-2» шағынаудандарында кәріз жүйесін жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттама жасақталуда. 2023 жылдың маусым айында «Шыңдау» ЖШС жобалаушы мекемесімен келісімшарт жасақталды. Оның мерзімі – 2024 жылдың 10 мамыры. Жобалау құжаттары жасақталғаннан кейін сараптамаға жолданады. Сараптама қорытындысына сәйкес, яғни оң қорытынды алынған жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтау үшін байқау жарияланады.

– Қаладағы жерасты суынан зардап шегіп отырған қанша шағынаудан бар және олардың есебін шығару жұмыстарымен қалай шұғылданып жатырсыздар?

– Бүгінде қала мен қала аумағына қарасты елді мекендер ішінде жерасты суы деңгейінің көтерілуі бойынша ауқымдылығы жағынан «Жұлдыз» шағынауданы анықталса, бұдан басқа, аталған жағдай «Балауса», «Өркен», «Өркен-2», «Мирас» шағынаудандарының кейбір көшелері мен учаскелерінен де байқалып отыр. Басқа шағынаудандар бойынша алдағы уақытта арнайы жұмыс комиссиясы арқылы зерделеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған қорытындыларға сәйкес, ауқымдылығына байланысты нақты шешімдер қабылдайтын боламыз.

– Қалада кәріз жүйесіне қосылмаған қанша шағынаудан бар? Олардан проблема байқалмай ма?

Қаланың орталық көшелері мен «Балықшы», «Геолог» шағынаудандарының тек қана көпқабатты тұрғын үйлері аумағында жалпы ұзындығы – 298 шақырымды құрайтын кәріз желісі бар. Қала мен қала аумағына қарасты елді мекендердегі жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақтар – орталықтандырылған кәріз желісімен мүлдем қамтамасыз етілмеген. Алайда, жыл өткен сайын жеке тұрғын үйлерде тұратын тұрғындардан өздерін орталықтандырылған кәріз желісіне қосу жөніндегі көптеген өтініштер түсуде. Осыған орай, бүгінде қала әкімдігі 22 елді мекенге (оның ішінде «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мекемесі тарапынан 11 елді мекенге («Ет комбинаты», «Атырау» шағынауданы, «Жұмыскер-2», «Өркен-2», «Сарықамыс-2», «Балауса», «Самал», «Нұрсая», «Жерұйық», «Лесхоз-2», «Мұнайшы» шағынаудандары) және «Қалалық құрылыс бөлімі» мекемесі тарапынан 11 шағынауданға («Жұлдыз-1,2», «Жұлдыз-3», «Жұлдыз-4», «Геолог», «Томарлы», «Бірлік», «Көктем», «Ақсай-1», «Ақсай-2», Н.Шманов көшесі, 87 үй, «Береке» шағынаудандарына) кәріз желісі құрылысын жүргізу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Аталған жобаларды іске асыру қомақты қаражатты талап ететіндіктен, алдағы уақытта ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

– «Ерік–Мостовой» дренаж арнасын қайта қалпына келтіру жұмысы басталатындығы туралы бір жыл бұрын айтылған еді. Бүгінде бұл мәселе қалай шешілгелі жатыр?

– «Ерік–Мостовой» дренаж арнасын қайта қалпына келтіру құрылысы бойынша жобалаушы болып «Redline pro» ЖШС белгіленді. Қазіргі уақытта гидрологиялық жұмыстар жүргізілуде. Арна түбінде инженерлік инфрақұрылым жүйесі жасақталады. Ал, оның бетінде жаяу жүргіншілер және велосипед тебуге арналған жол салу жоспарланып отыр.

– Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық да-мытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында қаланың оң жағалауындағы кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмысының 2023 жылы аяқталатыны көрсетілген. Оның кешеуілдеуіне не себеп?

– Қаланың оң жақ жағалау бөлігінен кәріз тазарту имараты (КОС) құрылысын салу нысаны бойынша жасақталған жобалау-сметалық құжатқа сай өткізілген ашық электронды байқау қорытындысының нәтижесінде «Павлодар өзен порты» АҚ жеңімпаз болып танылып, мердігер мекеме ретінде онымен 2021 жылдың 16 тамызында келісімшарт жасалды. Құрылыс жұмыстары сол келісімшартқа отырғаннан кейін басталған болатын. 2022 жылы «Павлодар өзен порты» АҚ бүгінде жұмысшы күшінің, материалдарының, құрылыс-монтаждау жұмыстарының, қажетті құрылғылардың, тасымалдау шығындарының және т.б. құнының өскендігін алға тартып, жобаға түзетулер енгізу қажеттігін баяндады.

 Жоғарыда аталған мәселе 2022 жылдың 17 мамырында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Алмаз Ыдырысовтың төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Оның қорытындысында «Атырау қаласының оң жақ жағалау бөлігінде кәріз тазарту имараты құрылысын салу» жобасына түзетулер енгізу үшін хаттама жасақталып, тапсырма берілді.

Бұған қоса, жинақталған және ұсынылған құжаттар бойынша облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері нысанға толықтай тексеру жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын алды. Сондай-ақ, ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан нысанға тексеру жұмыстарын жүргізу барысында жобаға толықтай түзетулер енгізілмейінше қандай да бір жұмыстарды атқаруға және төлем жүргізуге қатаң тыйым салынған болатын.

Жобалаушы мекеме «Құрылысэкспертпроект» ЖШС тарапынан жобалау-сметалық құжаттамасына түзету жұмыстары жүргізіліп, 2023 жылдың 13 қарашасында №01-0462/23 санды мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Жоғарыда айтылған себептерге және «Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мекемесінің 2023 жылдың 26 қарашасындағы №KZ91REA00364242 санды рұқсат қағазына байланысты құрылыс жұмыстары 2025 жылдың 26 шілдесіне дейін ұзартылды.

– Бірқатар тұрғын үйлердегі септиктер санитарлық нормаларға сәйкес емес. Бұл экологиялық талапты бұзу болып саналатыны белгілі. Бұған қатысты әкімдік тарапынан арнайы мониторингтік топ құрып, мәселенің алдын алу шараларын ұйымдастыру өздігінен сұранып тұр. Алдағы жоспарда бұған назар аударылды ма?

– Қаладағы аталған жұмыстармен айналысатын ғалымдардың пікірінше, бүгінде кейбір елді мекендердегі жерасты суының көтерілу деңгейінің бір себебі – тұрғын үйлердегі септиктердің санитарлық нормаларға сәйкес келмеуі, тұрғындардың техникалық шарттарда көрсетілген талаптарды сақтамауы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайларына байланысты септиктерді уақытылы тазартпауынан нәжіс суының жерастына жайылуынан болып отырғандығы жасырын емес. Әрине, бұл жағдайларға байланысты алдағы уақытта міндетті түрде арнайы жұмыс тобы зерделеу жұмыстарын жүргізетін болады.

– Жауабыңызға рақмет! Алдағы жоспарларыңыздың жүзеге асуына табанды түрде ықпал етіп, игілікке асуына тілектеспін!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

One Comment

  1. Дұрыс ! Биылдан қалдырмай кәріз жүйесін бастау керек ,себебі Атырау қаласы суға толы ,жер асты көтеріліп кетті .Мен өзім Жұлдыз 1 тұрғынымын ,1 айда 3 рет вакуум жалдап септик сорғыздырамыз . Вакуум 11000 т 10 тонналық ,тапқан табысымыздың тең жартысы осы вакуумге кетеді .Кәріз жүйесінің жұмысы тездетіп басталсын!!!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button