Жарнама
Жаңалықтар

АТЫРАУ ШАҺАРЫНА – АЙШЫҚТЫ ДАМУ

Мұнайлы астана саналатын Атыраудың қолданыстағы бас жоспары 2001-2002 жылдары жасақталып, 2002 жылдың алтыншы тамызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен бекітілген. Осы аралықта ел экономикасының күретамыры болып отырған облыстың жалпы құрылымы мен көше-жол желісі, үй-жай құрылыстарын игеруге берілген алаңдардың саны артуының есебінен өзгеріске ұшырап, қоныстану аумақтары да едәуір өсіп отыр.

Соңғы уақытта «Алмагүл», «Нұрсая», «Тұлпар», «Болашақ», «Балауса», «Өркен», «Жұлдыз», «Көктем», «Геолог-2», «Бірлік» ықшамаудандарының бой көтеруі, «Самал», «Водников», Тасқала-2», «Водников-2» аудандарындағы құрылыс жұмыстарының қарқын алуы мен жаңа тұрғын үй кешендерінің көптеп салынуы да қала жоспарына елеулі өзгерістер енгізуде. 2002 жылғы бас жоспарға сәйкес, халық саны 2015 жылға қарай 220 мың адам болады деп жоспарланған. Алайда, биылғы жылдың басында-ақ статистикалық мәліметтер көрсеткендей, қалада 213 мың тұрғын бары анықталған. Жергілікті халық санының артуы, тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына деген қажеттіліктің жоғарылауы одан ары құрылысқа лайықты жаңа аумақтар іздестіруге ықпал еткені анық.

Осылайша,  бұрынғы  бас  жоспарға өзгерістер енгізілуі қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеген тұста, жергілікті атқарушы билік бюджеттен арнайы қаржы бөліп, биылғы жылы жаңа бас жоспар жасақтау жұмыстарын қолға алды. Мемлекеттік сатып алу ашық конкурсының нәтижесінде «Казгипроград» жобалау институты жеңімпаз болып, аталған бағыттағы жұмыстар өз қарқынымен жүргізіле бастапты.

Басқосуда бұл институттың бір топ маманы Атыраудың барлық сала бойынша мүмкіндіктерін қарастыра отырып, екі кезең бойынша атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды. Бірінші кезең – қаланың 2050 жылға дейінгі даму кезеңін көздейтін, ұзақмерзімді болжам.

Республика көлемінде өз саласының үздігі ретінде танылып отырған институт соңғы уақытта Түркістан мен Шымкент қалаларының жоспарын жасақтаған. Аталмыш жобалау институтының директоры Валентина Баркова өз қызметтері туралы таныстыра келе, атыраулықтар назарына арнайы топтың Атырау қаласына қатысты құрастырған төрт даму нұсқасын ұсынды.

«Елді мекеннің ұзақ мерзімді даму болжамы қала құрылыс шарттарын, ресурстық әлеуетін және кезеңдік қайта құрудың кешенді талдауын негізге алып, елді мекеннің шаруашылық-экономикалық, әлеуметтік мәдени және аумақтық-функционалдық даму бағыттарының оңтайлы нұсқасын анықтау мақсатында елді мекеннің аумағына және қала маңындағы іргелес аймаққа жасақталады» деп түсінік берген институт директоры бас жоспар жобасының бірнеше кезеңнен тұратынына тоқталды. Бастапқы саты 2013 жылдың қаңтарынан басталса, бірінші кезек 2020 жылды, есепті мерзім 2030 жылды, ұзақ мерзімді болжам 2045-2050 жылдарды қамтиды.

Институт директоры Валентина Баркова мен жобалау институтының бас архитекторы Әсия Әбдірашитова ұсынған төрт нұсқаның тиімді тұстары талданып, жиылғандар назарына ұсынылды. Мәселен, бірінші нұсқа «белдеулік» немесе «тұтас» деп аталады. Ол іс жүзінде қаланың барлық дәстүрлі қалыптасқан бағыттарының келешекте дамуын алдын ала қарастырады: солтүстік-шығыс, оңтүстік, сондай-ақ солтүстіктегі қолданыстағы екі мұнай құбыры арасындағы бос аумақты және әуежайды сыртқа шығару арқылы батыстағы бос аумақтарды кеңінен қарастырған. Бұл жобаға сай, қаланың елеулі дамуы  әуежайды  жаңа  жерге  шығару есебінен бос қалатын оңтүстік-батыс бөлікті қамтиды.

Ал, екінші, «сызықтық» жоба қаланың тек бір бағытта, яғни солтүстікке қарай, Жайық бойымен дамуын қарастырған. Мұндай жобаға сай, жаңа тұрғын-жай кешендері өзен бойымен, екі жағынан жіңішке жолақ болып қалыптасады. Оң жағалауда Молдағұлова көшесі өзінің одан ары дамуын солтүстікке бағыттап, жаңа тұрғын аудандарды қаланың қолданыстағы бөлігімен қосады. Сол жағалауда жаңа кварталдар қолданыстағы тұрғын аудандар мен жаңадан бөлінетін аумақтардағы бос кеңістіктерді қамтиды.

Үшінші болып ұсынылған «сызықты-үзілмелі» нұсқа қаланың Жайық өзені бойымен солтүстік бағытта табиғи экожүйесін сақтау арқылы дамуын қарастырады. Бұл жобаға сай, қала өзінің негізгі  жалғасын солтүстікке темір жолдың ар жағынан бірінші мұнай құбырына дейін алады. Бұлай дамығанда, қаланың оң жағалау бөлігінде жаңа тұрғын үй құрылысы Жайық өзені мен Атырау-Орал автожолының аралығында, Береке ауылының ауданындағы алаңға орналасады. Сол жағалаудағы жаңа тұрғын үй құрылысы Жұлдыз-1,2,3 тұрғын үй түзілімдері ауданындағы бос аумақтарда дамиды. Осымен қаланың негізгі өзегі аяқталып, одан кейін табиғи ландшафты сол күйінде қалдырылады да арғы жағында дара жоспарлы түзілімдерін қалыптастыру басталады.

«Секторлық  даму  жүйесі»  ретінде ұсынылған төртінші нұсқаға сай, жобаланушы алаң ендік және бойлық бағыттағы магистральдар мен тұрғын кварталдарға бөлінеді және біржақты орталықтандырылған құрылым бір секторда дамиды.

Ұсынылған нұсқалардың қай-қайсысын да кеңінен талдау жасаған жиын қатысушылары қорытындысында екінші нұсқаның өңір үшін тиімді екендігін атап өтті. Бұл реттегі жекелеген мәселелерге қатысты ескертпе-ұсыныстар білдірілген соң, бірауыздан осындай шешім қабылданды.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Суреттер  Ерлан  АлтыбаевТІКІ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button