Атырау қаласының тұрғындары балалар алаңын салуға өздері кірісті (+ФОТО)
Аtr.kz/16 маусым, 2020 жыл. Химпасолек жастарының ұйымдастыруымен балаларға арналған ойын алаңы салынуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ойын алаңына облыс әкімдігінен арнайы жер бөлінгенімен, ешқандай қаражат берілмеген. Ең алдымен, бүлдіршіндердің қауіпсіздігі үшін қолға алынған бұл бастамаға Химпасолек жастары қаражатты өздері қарастырған.
Қазіргі уақытта алаңға қажеттілерді өз қолдарымен құрастырып, халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыратын және балалардың бос уақытын тиімді өткізулеріне заманауи алаң салуда. Енді балалар жаңадан бой көтерілген алаңда асыр сап, құмарлары қанғанша ойнайтын болады.
Көңілдің гүлі, көздің нұры саналатын балаларға қуаныш сыйлау үлкен бақыт. Сондықтан, балаларға қуаныш сыйлай білейік! Осы орайда, ұйымдастырушылардың тілегі бар.
«Бұл бір алаң жеткіліксіз. Сол себепті, тағы да Химпасолектен балалар ойын алаңын салсақ дейміз. Оған қолдауды мемлекеттен және көпшіліктен демеушілік күтеміз» дейді Химпасолек жастары.
Гүлдана ЖАМБОЗОВА