Атырау қаласының әкімі құрылыс бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жариялады
Atr.kz/12 қараша, 2019 жыл. Шаһар басшысы «Үш кербездің» толық кескінін жарияламаған құрылыс бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жариялады.
Тұрғындардың талқылауына түскен композицияның толық кескіні жарияланатын болады деп хабарлайды Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
— Құрылыс жұмыстары аяқталмаса, бітпеген жоба екенін түсіндірулеріңіз керек. Әлеуметтік желілерде көптен талқыға түскен «Үш кербездің» толық кескінін осы уақытқа дейін жариялау керек болатын. Тұрғындардың сынына ұшыраған нысанның кескінін уақытында жарияламаған қалалық құрылыс бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жариялаймын, — деді қала әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы аппараттық мәжілісте.
Естеріңізге сала кетсек қала бойынша 6 субұрқаққа қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрманғазы мәдениет үйінің аумағында орналасқан тұрғындар «Үш кербез» атап кеткен субұрқағына да жаңғырту жұмыстары жүргізілетіні хабарланған сәтте тұрғындар кіші архитектуралық кескінді орнында қалдыруды сұраған болатын.
Әкім тұрғындардың пікірінің орынды екенін атап өтіп архитектуралық кескінді орнында қалдыру бойынша жұмыстар жүргізілетінін өзінің «Facebook»-тегі жеке парақшасында мәлімдеген болатын.