Атырау қаласында жаңа оңалту орталығы салынады
Атырау қаласында мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған 150 орындық оңалту орталығы салынады, деп хабарлайды atr.kz тілшісі
Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлімдеді.
– Аталған жоба биыл басқарманың ұсынысымен облыстың кешенді жоспарына енгізіліп, жобалау сметалық құжаттамалары жасақталды. Орталық Атырау қаласының Алмалы ауылында бой көтереді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме –«БатысАльянсСтрой» ЖШС. Нысанның құрылыс жұмыстары биыл басталып, 2025 жылы толық аяқталады, — деді Азамат Саматұлы.
Орталық мүгедектігі бар адамдарға стандартқа сай әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени және құқықтық бағыттағы қызмет түрлерін көрсетеді.
Айта кету керек, қазір облыста мүгедектігі бар ересек адамдарға арналған 55 орындық оңалту орталығы жұмыс істеп тұр. Мұнда 16 жастан жоғары 100-ден астам адам жылына екі рет оңалту курсынан өтеді. Былтыр 1 мыңға жуық тұрғын өзіне қажеттіқызметтерді пайдаланған. Биыл демеуші компаниялар жетіспейтін құрал-жабдықтарды сыйға тартқан. Десек те орын тапшылығы өзекті. Жаңа оңалту орталығы жүйелі жүзеге асырылса бұл бағыттағы мәселе шешімін тапқан болар еді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА