Атырау қаласы, Қайыршақты ауылдық округі, Талқайраң ауылында Қазақстан Республикасы ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы басталды
Қайыршақты ауылдық округі әкіміне екі үміткер қатысып отырғандығы белгілі. Оның бірі “Нұр-Отан” партиясының атынан ұсынылса, бірі өзін-өзі ұсынған үміткер.
Қайыршақты ауылдық округі, Талғайраң ауылы, Талғайраң мектебінің ғимаратында орналасқан №77 сайлау учаскесінің сайлаушылары үшін арнайы қоғамдық көлік бөлінген. Сағат 7-30 ден бастап қоғамдық көлік Талғайраң-2 жаңа қалашығы бойынша N3, N10, N14, N12, N13 қиылсынан сайлаушыларды жинап, Талғайраң негізгі мектебіне тасымалдайды.
Бұл карантин жағдайындағы қоғамдық көліктердің жексенбі күні жұмысының тоқтатылғанына да байланысты ұйымдастырылып отыр.
Талғайраң ауылында тізім бойынша 861 сайлаушы бар. Ұйымдастыру жұмыстары бәрі жүргізіліп, сайлауға қажетті құрал- жабдықтар, медициналық сақтандыру құралдарымен толықтай қамтылған.
Сайлау комиссиясының төрағасы Әліпқали Сәрсенғалиевтің айтуынша бюллетеньдердің барлығы саналып, жәшіктер пломбаланған.
- Сайлаушылар тізіміне енгізу-тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу негізінде жүргізіліп жатыр. Өздерімен бірге жеке басын куәландыратын құжат болуы қажет. Сайлаушылар өздерінің тізімдерін 9 шілдеден бастап учаскелік сайлау комиссиясынан тексеруге мүмкіндік алған болатын. Өздеріңіз байқағандай, учаскеде сайлау өзінің ережесіне сәйкес, сағат 07.00-де басталып, кешкі сағат 20.00 де аяқталады,- дейді сайлау комиссиясының төрағасы Әліпқали Үмбетұлы.
Талқайраң ауылының тұрғыны Сапарбай Досжанов сайлауға ертемен қатысқандардың бірі.
- Бұл сайлау бұрынғыдан өзгеше екендігі белгілі. Себебі халық таңдаған әкімін өзі сайлай алады. Демек, әкімге артылар салмақтың да жүгі ауыр болады деген сөз. Мұны науқандық бастама ретінде ғана қарауға болмайды, үлкен жауапкершілік, мыңдаған халықтың сеніміне селкеу түспеуі керек. Әр партия өздері ұсынған үміткердің партияның ғана емес, елдің аманатын арқалайтындығын жіті назарда ұстауын ескеруі керек. Сайланған әкім қабілет-қарымының жеткенінше жұмыс жасап, елмен бірге қызмет қылғаны дұрыс. Оның үстіне ауылдың тынысы ашылып, өз бюджетіне өздері иелік ете алатын кезде мұның бәрін естен шығармаулары керек. Өзін-өзі ұсынған үміткер де үлкен қадамға аяқ басқандығын, ел басқару аса ықтияттылықты талап ететін сезіне білу маңызды. Бәріміз де өз таңдауымызды жасап, елдің көсегесін көгертемін деген үміткерге дауыс беріп барамыз,- деді ол.
Сайлау учаскесінде 2 байқаушы, 1 сенімді өкіл қатысып, сайлау үрдісін назарға алып отыр.
Алмас ҚАБДОЛОВ