Атырау қаласы екіге бөлінуі мүмкін
Атырау қаласы екіге бөлінуі мүмкін. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында журналистер әкімнен: «Атырау қаласының халқы қазіргі уақытта 400 мыңнан асып кетті. Көпшілік қаланы екі ауданға бөлу қажеттігі туындап отыр дейді. Әкімдік мұндай мүмкіндікті қарастырып отыр ма?» — деп сұраған еді.
Әкім де бұл мәселенің қарастырылып жатқандығын атап өтті.
«Бізде Үкімет қаулысымен бекітілген Атырау қаласының даму жоспары бар. Жоспарға сәйкес, халық саны өскен кезде әкімшілік-аумақтық құрылым айқындалуы мүмкін. Міне, біз осыны қарастырып жатырмыз. Бізде Жайық өзені бар. Ол қаланы екі бөлікке бөліп жатыр. Осыған байланысты қаланы екі бөлікке бөлуге қатысты көзқарасымыз бар», — деп жауап берді облыс әкімі.
Сонымен қатар, ол қаланы екіге бөлу мәселесінде халықтың пікірі ескерілетіндігін атап өтті.
«Қаланы бөлген кезде тұрғындарға қолайсыздық жасамауымыз керек. Сондықтан, шекараға қатысты нақты шешіміз болғанда бұл мәселені міндетті түрде талқылауға шығарамыз», — деді Серік Шәпкенов.