Атырау облысында жеке тұлғалардың 98%-ы екінші кезең бойынша декларация тапсырды
Облыста жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі бойынша тапсыруы қажет 72108 жеке тұлғаның 71200-і декларация тапсырды. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінің басшысы Нұрмира Орынбаева баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жалпыға бірдей декларациялау Ұлт жоспарының 42-ші қадамымен 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Осы тұрғыда биыл бюджет саласы, ұлттық компаниялардың қызметкерлері және оның жұбайлары активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 15 қыркүйекке дейін табыс етуі қажет.
— Жалпыға бірдей декларациялау — біраз дамыған мемлекеттердегі қолданыстағы жүйе. Бұл салық салудың оңтайлы тетіктерінің бірі. Жалпыға бірдей декларациялау тек сыбайлас жемқорлықпен күресіп қоймай, сонымен қатар көлеңкелі экономикамен де күресуге мүмкіндік береді. Бүкіл халық декларацияға енген кезде осы жүйе іске қосылып, жалпы Қазақстан бойынша азаматтардың барлығының салық салудың ашықтығын қамтамасыз ету мүмкіндігі болады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияға тоқталып өтсем, ең алдымен Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүліктер басты назарда болады. Сонымен қатар, жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, көлік құралдары, арнайы техникалар мен тіркелемелер көрсетіледі. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде құрылған заңды тұлғалардың капиталы да бұл тізімге кіреді. Жеке тұлға осы жылғы активтер мен міндеттемелер туралы декларациясын тапсырғаннан кейін, 2024 жылдан бастап 270.00 нысанындағы кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруға құқылы, — деді Н.Орынбаева.