Атырау облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасады
Atr.kz/19 ақпан, 2020 жыл. Бұл туралы 2019 жылдың қорытындысы мен 2020 жылға жоспар жөнінде тұрғындар алдында есеп берген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов хабарлады, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. 2019 жылы облыс бойынша жалпы ауданы 933,7 мың шаршы метр 7146 пәтерлік тұрғын үй салынды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өткен жылдан бері 77 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр (жалпы ауданы 5,5 мың пәтерден астам). Бүгінге дейін оның 31-і пайдалануға берілді.
— Биыл 16 жалдамалы тұрғын үй тапсырылады. Қазір облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегінде 28 301 адам тұр. Былтыр осы тізім бойынша 470 адам баспаналы болды, — деді Махамбет Досмұхамбетов.
Апатты жағдайдағы, тозығы жеткен үйлерге қатысты да мәселе бар. Қазір облыс бойынша осындай үйлердің саны – 87. Атырауда – 79 үй, қалғандары Мақат, Жылыой, Құрманғазы аудандарында. 2019 жылы апатты жағдайдағы 4 жатақхананың тұрғындары Жұлдыз, Береке ықшам аудандарындағы жаңа үйлерге қоныстанды.