Атырау облысына 500 мың қап жеткізілді
Атырауға жағалау бөгеттерін нығайту мақсатында Алматыдан полипропиленнен жасалған 500 мың қап жеткізілді. Бұл туралы Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы хабарлады.
–Атырау облысының әкімдігі өңірімізге 500 мың дана қап тапсырыс берген болатын. Қап 8 сәуір күні қаламызға жетті. Қала бойынша 22 координатор 5 учаскеге бөлініп, әрқайсысына 5000 данадан қап таратып жатыр және осы уақытқа дейін облыс белсенділері де көп мөлшерде қап жеткізген болатын, — дейді ерікті, қоғамдық кеңес өкілі Дәурен Сейітқалиев.
Бұдан бөлек қазір Алматы және Астана қаласында Атырау облысына арналған гуманитарлық көмек қабылдайтын қойма жұмыс жасап жатыр. Ол жерде қаптардан бөлек, резеңке етік, қайық, фонарик, азық-түліктер жинақталуда.
Сондай-ақ, еріктілер Атырау қаласы Әбілхайыр хан, 79 мекен-жайында су тасқыны орын алған аймақтарға көмек көрсетуде.
–Жылыой ауданындағы төтенше жағдайға байланысты 3 күннен бері күні-түні гуманитарлық көмек жинақтап жатырмыз. Бұл жерге әр қордан керекті жабдықтар, азық-түлік жеткізілуде. Кеше Жылыой ауданына 24 тонна гуманитарлық көмек 2 вагонға тиеліп, жіберілді, — дейді ерікті Гүлназ Рүстемқызы.