«Атырау облысы су арнасы» аумағында хлор төгілді»
Бүгін Атырауда «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының практикалық кезеңі «Атырау облысы Су Арнасы» КМК аумағында және «Атырау-Орал» тас жолы бойында өтті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті Қоғаммен байланыс тобының хабарлауынша, оқу-жаттығудың практикалық кезеңінде шартты түрде «Атырау облысы Су Арнасы» КМК аумағында хлор төгіледі. Құтқарушылар орын алған төтенше жағдайды жою бойынша апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Аталған мекеменің сүңгуірлері, «Атырау-Жарық» АҚ қызметкерлері бірлесіп қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
Практикалық кезеңнің ІІ бөлімі Республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолы бойында өткізілді. Шартты түрде ауа райының күрт өзгеруі нәтижесінде жол-көлік оқиғасы орын алады. Атырау облысы полиция департаменті және жол мекемелерімен бірлесіп, жолдарды жабу бойынша іс-қимылдар пысықталды.
Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылары жол талғамайтын ШЕРП автокөлігі және Атырау облысының Ұлттық Ұлан сарбаздары арқылы қар құрсауында қалып қойған тұрғындарды эвакуациялады. Құтқарылған тұрғындар Ж.Нәжімеденов атындағы №2 жалпы білім беретін орта мектепте ашылған қалалық эвакуациялық жылыту пунктіне жеткізілді. Зардап шеккен тұрғындарға ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ филиалының шұғыл әрекет ету бригадасы мен психологы шұғыл медициналық-психологиялық көмек көрсетті.
Аталған оқу жаттығудың практикалық кезеңіне 67 адам және 12 техника жұмылдырылды.
А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ