«Атырау-Астрахан» тасжолы Антикордың бақылауында
ҚУАТТЫ ЕЛДІҢ БАСТАУЫ – ҚУАТТЫ ӨҢІР ЕКЕНДІГІ БЕЛГІЛІ. МҰНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ БІРІ АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ БОЛЫП САНАЛАДЫ. АЛ, ОЛАРДЫҢ БОЙЫНДА ҚАУІПСІЗ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ КЕПІЛІ – ЖОҒАРЫ САПА. СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ БҰҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ДЕҢГЕЙДЕ МӘН БЕРІЛІП ОТЫР. ЖАҚЫНДА ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ОЛЖАС БЕКТЕНОВТІҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ӨТКЕН ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫНДА ОСЫ МӘСЕЛЕ КҮН ТӘРТІБІНЕ ҚОЙЫЛЫП, ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ ЖАЙЫ ҚАРАЛЫП, ЖАН-ЖАҚТЫ ТАЛҚЫЛАНҒАН БОЛАТЫН.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша биыл жалпы ұзындығы 12 мың шақырым күрежолды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бір бөлігіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу межеленген. Жөнделетін жолдардың 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті маңыздылықтағы желілер.
Елдегі барлық автокөлік жолдарының ұзындығы 95 мың шақырымды (25 мыңы ре спубликалық, 70 мыңы жергілікті, қалыпты нормативке сәйкес келу жағдайы 92-87%-ды) құрайды.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұхамбетәлиевтің айтуынша, облыс аумағындағы жалпы пайдаланымдағы жолдардың ұзындығы 3 мың шақырымнан асады. Соның 1125 шақырымы республикалық, 1927 шақырымы жергілікті маңыздылықтағы жолдар болып есептеледі. Өңіріміздегі жол инфрақұрылымдарын жөндеуге 72 млрд. теңге қаралса, бұл соманың 7,1 млрд. теңгесі – республикалық, 64,9 млрд. теңгесі – жергілікті бюджеттен бөлінген. Өңірде 240 шақырым жол салынып, ол 40 елді мекеннің аумағын қамтиды.
ҮШ ІРІ ЖОБА БІТЕДІ
Жоспарланып, жүзеге асырылып жатқандардың қатарында «Индер-Қарабау — Миялы — Сағыз » (қайта жаңғырту), «Құрманғазы-Приморье-Утеры-Котяевка», «Тайсойған ауылына кірме жол», «Миялы-Ойыл» (күрделі жөндеу) және «Атырау-Индер», «Индербор кентіне кірмежол» (орташа жөндеу) жобалары бар. Осылардың ішінен 80 шақырымды құрайтын алғашқысы бойы нша қалған бөлігін (6,5 шақырым) қайта жаңғырту жұмыстары биыл аяқталып, толықтай пайдалануға беріледі. Екінші жоба шеңберінде «Атырау-Индер» тас жолының 117-164 шақырымы аралығын орташа жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұған қосымша ұзындығы 7 шақырым болатын Индербор кентіне кірме жолы да орташа жөндеумен қамтылады. Үшінші жоба аясында Құрманғазы өңіріндегі аудан орталығы мен шекара шебіндегі Котяевка ауылының аралығын байланыстыратын жолдың 29 шақырымы, сондай-ақ Қызылқоғадағы «Миялы-Ойыл», Тайсойғанға кіре беріс жол күрделі жөнделеді, — деді басқарма басшысы.
ТАЙМАНОВ КӨШЕСІ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ
Білгеніміздей, Атырау қаласындағы Берғалиев айналма көшесінен Амандосов көшесі арқылы Тайманов көшесіне дейінгі жолды қайта жаңғырту жобасы осыдан төрт жыл бұрын мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алған болатын. Белгілі бір себептермен бұл жобаны іске асыру мерзімі ұзаққа созылып келгені рас. Тек биыл ғана нақты жұмыс қолға алынып отыр. Осыған орай түсінік берген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуовтың сөзінше, сол кезде қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға туындаған бірқатар қиындықтар мүмкіндік бермеді. Ең өзектісі, қаржыландыру көздері айқындалмағандықтан бұл жоба қозғалыссыз қалған еді. Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес, мұндай жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейінгі үш жыл және одан да ұзақ мерзімде құрылысы басталмаған жобаның сметалық құжаттамасы ескірген болып саналады. Сол себепті бастапқы нұсқасына түзетулер енгізіліп, екінші мәрте мемлекеттік сараптама жүргізіледі.
Қайталап бекітілгеннен кейін ғана оны жүзеге асыруға рұқсат беріледі. Осы заңдылық талабына сүйеніп, бұдан төрт жыл бұрын басталған жобаны жүзеге асырудың сәті енді ғана түсті. Сөйтіп, Тайманов көшесін жаңғырту жұмыстары қайта жанданды.
Одан бөлек, Бейбарыс даңғылынан «Атырау-Астрахан» трассасына дейінгі жолға қатысты жобаның сметалық құжаттары мемлекеттік сараптама порталына жүктелген. Оң қорытындысы алынып, мердігері анықталғасын құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау жоспарланған.
ИНДЕРДЕ ИГІЛІКТІ ІСТЕР БАР
Қазіргі уақытта өңірлер арасынан Индер ауданында жұмыс қарқыны жоғары көрінеді. Тоқтала кетсек, Индербор кентінің Шығыс, Болашақ шағынаудандарында автокөлік жолы мен тротуар құрылысы қатар жүргізілуде.
Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Әли Жайшылықтың хабарлауынша, биыл Индербор кентін толығымен асфальттау көзделген. Қазіргі уақытта жол салынатын көшелердегі жердің беткі қабаты тегістеліп, инертті материалдар мен асфальт төсеуге әзірленуде.
– Жоспарланғанындай, биылғы құрылыс маусымында Индербор поселкесінің 15 көшесіне тақтайдай тегіс жол салынады. Жаңадан бой көтерген шағынаудандарда автокөлік жолымен бірге жаяу жүргіншілер жолын салу да қарастырылған. Ал, Шығыс, Болашақ шағынаудандарында 12 көше асфальттанады, — деді әкімдіктің өкілі.
АСФАЛЬТСЫЗ АУЫЛ БОЛМАЙДЫ
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұхамбетәлиевтің мәліметінше, келешекте облыста асфальттанбаған ауыл қалмайды.
Мәселен, Махамбет ауданында жолдардың жалпы ұзындығы 355 шақырымға жуықтайды. Биыл соның 33 шақырымнан астамы асфльттанады. Бұның 4,1 шақырымы – аудандық, 29 шақырымы – ауылішілік жолдар. Мақатта 8,8 шақырым ауылішілік жолдарға асфальт төселеді. Құрманғазы ауданындағы барлығы 451,7 шақырым жолдың бір бөлігі (26 шақырымы) асфальттанады. Сондай-ақ, Исатайда – 5,4, Қызылқоғада – 10,6 және Жылыойда – 51,6 шақырым жол жаңадан салынады.
Негізінен алғанда, мұның басым бөлігі ауылішілік жолдар болып отыр. Соған қарағанда, шынымен алдағы уақытта облыста асфальтанбаған ауыл қалмайтын сыңайлы.
Ал, Атырау қаласында барлығы 1639 шақырым жол болса, оның да ауылдық округтер аумағындағы 53 шақырымға жуығы тегіс жолмен қамтылады.
Нақтыласақ, қалаға қарасты Еркінқала, Еркінқала-2, Зарослый-1, Алмалы ауылдары, басқа да бірнеше шағынаудан мен көшеде жол құрылысын жүргізу және қайта жаңғырту жоспарға енгізіліпті.
Осы жұмыстарды сәтті жүзеге асырудың нәтижесінде, 2024 жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың «жақсы» және «қанағаттанарлық» деңгейін 78%-ға жеткізу межеленіп отыр, — деп сабақтады сөзін салалық басқарма басшысы.
КЕМШІЛІККЕ КЕҢШІЛІК БЕРІЛМЕЙДІ
Бүгінгі таңда жұртшылықты көбірек алаңдатып отырған жайдың бірі – республикалық маңыздылықтағы «Атырау-Астрахан» тас жолының жағдайы. Басталғанына бірнеше жылдың жүзі болғанымен түрлі себептерге байланысты құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін созылып келе жатыр. Ал, салынғанының өзінен біраз кемшіліктер анықталған. Құзырлы құрылымдардың хабарлауынша , маусым айының соңында жүргізілген тексерулердің қорытындысында осындай жағдайларға көз жеткізілген. Тексеріс жүргізілген автомагистралдың 648-694 шақырымы аралығын қамтитын учаскесінің тапсырысшысы – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы, мердігері – «Тодини Конструктион Дженерали СПА»акционерлік қоғамы.
Мұнда анықталған басты кемшіліктердің бірі – учаскедегі құрылыс-монтаж жұмыстарының кестеде көрсетілген мерзімнен кешіктірілуі. Бұған жауапты мердігер кәсіпорын өкілдерінің түсіндіруінше, оған басты себеп болған облыста көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдайдың жариялануы. Өйткені, өзгелері секілді, компанияның теңгеріміндегі қуатты техника-көліктер (жалпы саны 106 бірлік) өр суынан қорғану шараларына жұмылдырылыпты.
Салынып жатқан жолдың сапасына назар аударған «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» АҚ Атырау облыстық филиалы мамандарының мәліметінше, әңгімеге арқау болып отырған бір ғана учаскеден сапаға қатысты 26 кемшілік анықталған. Мердігер оларды мейлінше қысқа уақыттың ішінде түзетіп, жағдайды қалыпқа келтіруді міндетіне алған көрінеді. «Қазіргі мезгілде бұл учаскедегі жұмыстар 60%-ға орындалды» дейді мамандар.
Осынау страгетиялық маңызды нысан болып саналатын «Атырау-Астрахан»күрежолының бойындағы жұмыстардың барысы жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің тұрақты бақылауында тұр. Ендігі жерде кемшілікке кеңшілік берілмейді.
Дәулетқали АРУЕВ