Атырау-Астрахан тасжолының құрылысы келесі жылы аяқталмақ
Атырау-Астрахань тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары толықтай 2023 жылы аяқталады. Мұны индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.
Су жаңа министрдің сөзіне сенсек, қазір құрылыс жұмыстары жақсы жүруде. Мердігер компаниялар қажетті топырақты Алматы және Ақтөбе облыстарынан тасып жатыр.
— Шынында атыраулықтардың режитін жөні бар. Бірінші кезегі бітті, екінші кезегі созылып кетті. Созылған себебі Семейде жобалық институт бар сол осы жобаны жасағанда жергілікті аймақтың топырағын жұмыстың салуына қосамыз деп жобалық сметаға қосқан. Жұмыс басталғанда топырақтың сапасы келіспейді. Арасында тұздалған бөлімі бар, гипс бар. Ақшасы толығымен көзделген. Сол себептен биыл сол жолдың үстінен көлік жүру мәселесін береміз деп жоспарлап отырмыз. Келесі жылы толығымен бітіреміз бе деп жоспарлап отырмыз, — деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Министр «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ төрағасы Мейірхат Қасымбаевқа Атырауға барып, құрылыс жұмыстарын тексеруді тапсырды. Қазіргі кезде 277 шақырымға созылған тас жолдың 60 шақырымы реконструкциядан өтіп, көліктердің жүруіне рұқсат берілгені мәлім. Бірақ, кейбір учаскелердегі жұмыс әлі тоқтап тұр. Сонымен қатар, Қайырбек Өскенбаев Атырау-Орал тас жолын жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталады деді. Оны 4 жолақты етіп салу жоспарланып отыр.
— Биыл жобасы бітсе, 2023 жылдан бастап құрылысын бастаймыз ба деп айтып отырмын. Қазір басқа жолдардан ақша босап Атырау облысынан өтетін жолдың көлемі 100 миллиард теңгеден асып отыр. Қазір босап жатқан қаржымыз 90 миллиард теңгенің көлемінде. Сол себептен тағы да қосымша қосамыз ғой. Ақша белгіленді деп санауға болады үкімет басшысы біздің ұсынымызды қолдаса, — деді министр.
Және республикалық маңызы бар тас жолдардың бойында орналасқан ауылдарға жол салу мәселесінің қарастырылып жатқандығы айтылды. Ал депутаттар мен белсенділер жол сапасын басты назарға алып, мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыруды сұрады.