«Атырау – Ақпарат» пилоттық режимде баламалы жазылымды қолға алды
atr.kz/10 қыркүйек, 2020 жыл. Атырауда алты айда өңірлік БАҚ әлеуметтік сала бойынша 5 мыңнан астам материал жариялаған.
Пандемияға байланысты 1000-ға жуық ақпараттық материал жарық көрген. «Бұл туралы Атырау облысы әкімі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Сақтайұлы аталған кеңестің кеңейтілген отырысында айтты» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
«Газет оқырмандары мен радио-телеаудитория көрермендері өздерінің мұң-мұқтаждарына байланысты, үнемі редакцияларға хабарласып жатады. Осылайша, газет, теле-радио журналистері халықтың көкейіндегі мәселелердің түйінін шешуде сыни көзбен көмек көрсетуде. Бірақ, соған қарамастан, соңғы үш жылда газет-журналдарға жазылу динамикасы Атырау қаласы мен аудандарда азайып бара жатыр» деді Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Сақтайұлы.
«Жылдың 2-ші жартыжылдығына жазылу көрсеткіші «Атырау» газеті бойынша 68,9 пайыз, «Прикаспийская коммуна» газеті бойынша 30.2 пайызды құрайды. Баспасөзге жазылу динамикасын Атырау қаласы, Жылыой, Мақат, Исатай, Қызылқоға аудандары төмендетуде.
Аудандық газеттердің таралымы Жылыой, Исатай, Мақат, Махамбет, Қызылқоға аудандарында қысқарды. Осы динамикадан ақ, өңірдегі ақпарат беруші газеттердің бүгінгі шығармашылық жағдайының, материалдық, қаржылық қиындықтарын осы факторлардан аңғаруға болады» деді Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Сақтайұлы.
«Атырау – Ақпарат» медиахолдингінің директоры Ысқақ Егембердиевтің айтуынша, мерзімді баспасөз жазылымының күрт кеміп кетуі бүтін республикалық басылымдарға тән тенденция.
Таралым аясының тарылуына жаңа медианың шұғыл хабар таратудағы мүмкіндігі, дәстүрлі медиаға қызығушылықтың кемуі, жергілікті әкім-қаралардың жазылым науқанына немқұрайлы қарауы, «Қазпошта» жұмысындағы кейбір келеңсіздіктер, биылғы пандемия салдары секілді бірнеше факторлардың теріс әсер етіп отырғанын атап өткен жөн» деді спикер.
Қазіргі уақытта «Атырау – Ақпарат» пилоттық режимде баламалы жазылымды қолға алды. «Биылдан бастап Махамбет және Индер аудандарында пилоттық режимде баламалы жазылымды қолға алдық. Бұл жобаны жұмыспен қамту орталығынан қызметкерлер тарту арқылы тиімді жүзеге асырып отырмыз.
Алғашқы нәтижесі жаман емес, қос ауданды қоса есептегенде, жалпы 4 млн. 28 500 теңге көлемінде табыс түсті. Алдағы уақытта тәжірибені барлық аудандарға енгізу арқылы, келешекте «Қазпоштаға» тәуелділіктен арылу мақсаты тұр» деп атап өтті «Атырау – Ақпарат» медиахолдингінің директоры Ысқақ Егембердиев.
Спикердің айтуынша, пилоттық жоба — оқырмандар үшін әлдеқайда арзанға түседі, әрі газет таралымының едәуір өсуіне себепші болады. Мәселен, облыстық газеттер «Қазпошта» арқылы жарты жылға 3 259 теңгеге жазылса, баламалы жазылым арқылы 2 600 теңгеге (айырмасы 20%), ал аудандық басылымдар «Қазпошта» арқылы 1 645 теңгеге жазылса, баламалы жазылым арқылы бар болғаны 1 050 теңгеге (айырмасы 36%) жаздырып ала алады.
Осы ретте, «Атырау – Ақпарат» серіктестігіне қарасты 2 облыстық, 7 аудандық басылымдардың биылғы тамыз айынан бастап Д2 форматына көшіп, жаңа түр-сипатпен шыға бастағанын атап өткеніміз жөн.
«Атырау» телеарнасы тәулігіне 14 сағат, ал «Атырау радиосы» тәулігіне 17 сағат хабар таратып отыр. «Қазақстан» РТРК АҚ Атырау облыстық филиалы директоры Қанат Әуесбайдың айтуынша, «Атырау» телеарнасының эфирлік кестесінде қазірде мемлекеттік ақпараттық саясат аясында 33 бағытты қамтитын түрлі жанрдағы барлығы 35 телехабар эфирге беріліп жатыр.
«Оның ішінде 7 телебағдарлама тікелей эфирде жүреді. Мәселен, медициналық кеңес беруге негізделген «Онлайн емхана», елдің құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейтін «Заңгер кеңесі», қоғамдық-саяси «Еуразия ендігінде» хабарлары көрермендермен тікелей эфирде байланыс орнатып, студия қонақтары халықтың көкейдегі сауалдарына жауап беруде. «Эфирде 102 фм» хабары радио мен телевизияның мүмкіндігін бірге жалғап, тікелей эфирде радио мен теледидарда қатар беріліп келеді» дейді «Қазақстан» РТРК АҚ Атырау облыстық филиалы директоры Қанат Әуесбай.
Десе де, кәсіпорындар, компаниялар, жауапты мекемелер тарапынан сынға үн қату деңгейі төмен.
«Атырау» телеарнасында сыни бағытта бейнематериалдар ұдайы жарияланып отырады. Бірақ, әр мәселе бойынша тиісті жауап алу оңайға соқпайды» деді спикер Қанат Әуесбай.
Жиынға онлайн форматта қатысқан аудан әкімдері жергілікті баспасөзге жазылу деңгейінің төмендеуін мазмұн мәселесімен және пандемия салдарымен түсіндірді.
«Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Алтын Садықова мәселені пошташылардың жетіспеуімен түсіндірді. «2019 жылдың қазан айынан бастап курьерлік қызмет іске қосылды. Олар тұрақты жалақы емес, тасыған хатына байланысты ақы алады. Біз мәселені бірлесіп шешуге мүдделіміз» деді ол.
Жиынға қатысқан Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ақпарат құралдарындағы контентті заманға сай жаңартуды, мультимедиа мүмкіндіктерін максималды түрде пайдалануды, сыни материалдар жариялауға көбірек ден қоюды тапсырды.
Еске сала кетелік, облыста 54 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген. Оның ішінде 28 газет, 6 журнал, 2 телеарна және радио, кабелдік операторлар, сонымен қатар 14-интернет ресурс бар.