Атырау аймағына үлкен табиғи қауіп төнуде
Atr.kz/17 қаңтар, 2020 жыл. Жайық экологиялық апаттың алдында тұр.
Өзенге келетін судың азаюынан Каспий теңізінің де деңгейі төмендеп барады. Мамандар «бұдан Атырау аймағына үлкен табиғи қауіп төнуде» деп дабыл қағуда. Бұл мәселені шешудің қандай жолы бар?
СУДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНСАҚ…
Теңіз кен орнындағы өндіріс нысандарымен танысып келе жатқанбыз. Әңгіме техникалық және ауыз су туралы өрбігенде «Теңізшевройл» ЖШС менеджері Ли Харрис «Су – біз үшін алтынға парапар. Оны тиімді пайдалануға ұмтылып отырмыз» деді. Оның айтуынша, бұл тұрғыда жаңа технологиялар қолданылуда. Тың әдістер суды тазартып, қайтара пайдалануға мүмкіндік береді.
– Біз тұщы судың қаншалықты кұнды екенін білеміз. Оның үстіне Теңіз кен орны аймағында тұщы судың жерүсті немесе жерасты қорлары жоқ. Сол себептен, оны тиімді, әрі қайта пайдалануға ерекше назар аударып отырмыз. Бүгінде «Теңізшевройлдың» өндіріс нысандары облыстың өзге тұтынушылары секілді Астрахан-Маңғышлақ су құбыры желісі арқылы сумен қамтамасыз етілуде, — деді компанияның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.
Еліміздің арқасүйеріне айналған кәсіпорында тұщы су қорын сақтауға, ағынды суды қайта өңдеу арқылы пайдалануға баса назар аударылып отыр. Кәріз суын тазарту және оны қайта пайдалану қондырғылары осы мақсатта іске қосылды. Бұл нысандар тәулігіне 6 мың текше метр тұрмыстық ағынды суды тазартады. Нәтижесінде, осынша су компанияның қажеттілігіне жаратылуда. Қайта пайдалану қондырғысы ағынды суды техникалық деңгейге дейін тазартады. «Кері осмос» тәсілі арқылы жүргізілетін іс-шара тәулігіне
3600 текше метр техникалық сапалы су шығаруға арналған. «Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз» деді компания мамандары.
КАСПИЙ ТЕҢІЗІ НЕГЕ ТАЙЫЗДАДЫ?
Су тапшылығы НКОКтың жұмысына да өзгеріс енгізді. Бұл туралы «Атырау» газетінің тілшісіне кәсіпорын басқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаев айтып берді.
– Каспий теңізінің деңгейі соңғы жылдары едәуір төмендеп кетті. Судың тайыздығы өндірістік жұмыстарды өзгеше ұйымдастыруға мәжбүр етуде. Үлкен кемелердің айдындағы жасанды аралдарға келуі қиындап барады. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Осы сауал төңірегінде ақылдасудамыз. Алғашқы кезекте шағын кемелерге тапсырыс беруге мәжбүр болып отырмыз, — деді ол.
Эколог мамандардың пікірінше, Каспийдің деңгейі соңғы 15 жылда бір жарым метрге төмендеді. Бес жылдан бері тоқтаусыз тартылып бара жатқан теңіздің суы орта есеппен жылына 7 сантиметрге азаюда. Алдағы жылдары тағы 40 сантиметрге төмендейді деген болжам айтылып отыр. Қалыпты құбылысқа айналған жағдайдың соңында айдынның таяз жерлері құрғап, тұзға айналады. Әлемдегі ең үлкен жабық теңізді 5 мемлекет жағалай орналасқанын ескерсек, оның зардабы сұмдық болары даусыз. Халықтың тұрмыстіршілігі қиындайтыны, биоресурстар, балық көлемінің азаятыны анық. Табиғат жанашырлары «ғылымизерттеу институтын құрып, экологиялық ахуалға әсер ететін проблемаларды шұғыл анықтауға маңыз беруіміз қажет» деген ұстанымда. Халыққа 540 мың таралыммен тарайтын Иранның бас басылымының бірі – «Хамшахри» газеті жуырда Каспийге қатысты проблемалық мақала жариялады.
Орыс тіліне аударылған нұсқасына үңілсек, бұл елді Каспийдің тайыздануы, ластануы ерекше алаңдатып отыр. «Өндірістік шығарындылар, ағынды лас сулардың құйылуы Каспийдің экологиялық ахуалын ушықтырып жіберді» деп жазылған мақалада. Оның үстіне Иранда теңіз суын шөлейтті аймақтарға шығару мәселесі көтерілді. Оған қарсылық танытушылар аз болмағанымен, ауқымды жобаның жүзеге асуын жақтаушылар көп. Бұл проблеманы одан әрі күрделендіріп жіберетіні анық.
ӨЗЕН ҚАЙТА ТОЛАР МА?
Еліміздің батысындағы екі облысты басып өтетін, көлемі жағынан Еуропадағы үшінші ірі өзен саналатын Жайықтың жағдайы мүшкіл. Оған келетін су мөлшері былтыр ең төменгі деңгейге түсіп кетті. Табиғи құбылыс одан әрі жалғасса, халықты ауыз сумен қамту, экология мен су шаруашылықтарына қауіп төнеді. Атырауда өткен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі комиссия отырысында осы мәселелер ашық айтылды. Сол жиында Экология, геология және табиғи ресурстар вицеминистрі Сергей Громовпен сұхбаттасудың сәті түсті.
–Қос тарап екі ел Үкіметіне Жайық өзенін сақтап қалу, жағдайын қалыпқа келтіру, реттеу бойынша халықаралық бағдарлама жасақтау туралы ұсыныс береміз. Оны алдымен сарапшылар, ғалымдар жан-жақты зерттеуі қажет. Бұл бізден кейінгі ұрпақ та Жайықтың қызығын көрсін, ең болмағанда таза суын ішсін деген ойдан туындады. Әсіресе, батыс облыстар Жайық өзеніне тәуелді. Сондықтан, мәселеге бейжай қарауға құқығымыз жоқ, — деді министрдің орынбасары.
Өткен жылдан бері Жайықтың түбі тереңдетіліп, тазалана бастады. Осының негізінде балық қорын көбейтуге, табиғи ахуалды айықтыруға мүмкіндік жасалды. Дегенмен, эколог мамандар «арнасы тарылған Ақ Жайықтың халі әлі нашар» деген пікірді ұстанады. Ондағы орташа көп жылдық су көлемі 9 жарым млрд. текше метрді құраса, келген судың мөлшері өте аз.
Мәселенің мәнісіне үңілгенімізде Ресей тарабының да табиғи құбылысқа айрықша алаңдаушылық танытып отырғаны байқалды. Атырауға келген ресейлік мамандардың айтуынша, олар бұған не жағдай себепші болғанын білмейді.
«Зерттеу жұмысын қолға алып, проблеманың асқынуына жол бермеуге ұмтылудамыз» дейді олар. Соңғы жылдары Жайық-Каспий бассейнінің суы бірнеше миллиард текше метрге азайғаны белгілі болды. Оның басты себебі ретінде бұлақ көздерінің бітелуі, өзендер арнасының тарылуы, көрші елдің Ирикли су қоймасынан келетін судың өте аздығы алға тартылады. Жайықтың Сакмара өзенінің суымен қоректенетінін ескерсек, бұл туралы жүйелі түрде ақпарат алу маңызды.
Айтпақшы, осы мәселеге қатысты облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстаннан «Атырау облысында су қоймасын салудың мүмкіндігі жоқ па?» деп сұрағанбыз. «Оған біздің табиғи жер бедері сәйкес келмейді» деп жауап берді ол.
Азамат БАЗАРБАЕВ