Атына заты сай Азамат
Журналист мамандығы – қиындығы да, қызығы да мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, қашанда жаңаның, жаңалықтың жаршысы, жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің орны бөлек. Шерхан Мұртазаша айтқанда: «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ», қоғамдағы бүкіл өмір бейнесін сол қоғам мүшелеріне айқындап жеткізіп, тәптіштеп түсіндіріп беріп отыратын мамандық иелері.
Осы мамандыққа бала кезден құмар болып, әке жолын қуған мен білетін бір жан бар. Ол – әріптес інім Азамат Базарбаев. Әкесі Сансызбай Базарбаев қазақ журналистикасына зор еңбегі сіңген, саланың жілігін шағып, майын ішкен, осы мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңған адам. Балалары Саламат та, Азамат та әке салған соқпаққа түсіп, ізін, ісін жалғастырып келеді.
Облыстық «Аtyraý» газетіне жұмысқа келгенімде Азаматтың орда бұзар отызға таяп қалған шағы екен. Таныстық, аға-іні боп араласып кеттік. Еңбек жолын аудандық «Дендер» газетінде корректорлықтан бастаған ол газет жұмысымен, журналистік ортамен бозбала шағынан таныс екен. Сөйтіп, журналистиканың жүгін жастайынан арқалаған жан. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң сүйікті жұмысына қайта кіріседі. Жоғары оқу орнында оқып, «Аtyraý» газетінде қоғамдық-саяси бөлім редакторы болды. Бізді тағдыр түйістірген де осы тұс. Артық сөзі жоқ, біртоға, барды бар, жоқты жоқ деп сөйлейтін атына заты сай жігіт екен. Бар ынтасы жұмысында. Қоғамдық-саяси бөлім деген өте жауапты сала. Мемлекеттік органдармен, әкімдікпен, әртүрлі ұйымдармен тығыз байланысты. Журналистикада ақпарат беруде қателесуге болмайды, өйткені ауыздан шыққан, қағазға түскен әр сөзің жұрттың назарында. Ал соның ішінде мемлекеттік құрылымдармен етене жақын байланыстағы қоғамдық-саяси салада мақала жазсаң, мүлдем қателесуге болмайды. Жаза бассаң үлкен дау туып кетуі мүмкін. Сондықтан да болар Азамат өзі жазған мақаласын «екі шоқып, бір қарайтын». Әр сөзін салмақтап, безбендеп, айтар ойын нақтылап жеңіл тілмен ұғынықты қып беруші еді. «Әдебиетті екі рет оқып түсінесің, ал журналистиканы бір рет оқығанда-ақ түсінуге болады» деген сөз осындайда айтылған болар.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демей ме қазақта. Азаматтың жүріс-тұрысында, сөйлеген сөзінде, істеген ісінде маған ұнайтын тұсы – нағыз қазақи тәрбие көргендігі. Үлкенді сыйлау, алдын кесіп өтпеу, түрегеп тұрса орын беру, сыпайы сөйлеу, адамды алаламау сынды қасиеттері мол. Нарынның наркескені атанған Нұралы Әжіғалиев, бұрынғы редактор Қилыбай Қуанышбаев, жібек мінезді Ғайнолла Зинуллин, ақын Жұмабай Төлегенов, фототілші Қайрош Қабдешов, Өтеген Нәукиев, Өтепберген Әлімгереев, сол кездегі бас редакторымыз Нұрлан Қабылов, т.б. ағалардың алдын кесіп өтпейтін. Олардың кейбірі әкесі Сансызбай ағамен қатарлас, құрдас болғаннан да шығар. Әйтеуір үлкендермен жып-жылы ара-қатынаста болды. Әзілді де түсінеді, орнымен қолданады да. Әріптес апалары Светлана Муньянова, Лиза Сейтімова, ағалары Нұрым Ерғалиев, Дәулетқали Аруев, Темірхан Рамазанов, нағашы боп келетін Меңдібай Сүмесіновпен әзілдесіп-ойнап сөйлесе беруші еді. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, адаммен тіл табысып сөйлесе білу де өнер ғой.
Азамат газеттің жауапты хатшы лауазымын атқарып жүрген кезде де міндетіне асқан жауапкершілікпен қарады. «Секретариат» деген бұл бөлім «газеттің қара қазаны» деп те аталады. Газетте «макет» деген ұғым бар. Осы кезде жауапты хатшының кәсіби шеберлігі үлкен роль атқарады. Жоспарланған материалдардың уақытында газет бетіне түсуі, олардың жеделдігі, маңыздылығына қарай әр бетте орналасуы, безендірілуі, фотосуреттердің сапасы, тақырыптың дұрыс қойылуы, т.б. талаптар жауапты хатшының құзырында. Дизайнер-беттеушілермен жұмыс та соның ішінде. Сондықтан «жаухатшы» да қара қазанмен бірге үнемі «қайнап» жүреді. Өйткені келіп түсіп жатқан мақаланың бәрін сыйғызу керек, ал ол оңай шаруа емес.
Қаламының желі бар, ойы ұшқыр, жазғандары жарамды, бүгінгі күннің күйіп тұрған өткір мәселелерін түп-тамырымен қопара жазатын қарымды қаламгерлер жазған-сызғандарын газеттің шығып бара жатқан нөміріне салдыруға ұмтылады, әрине. Бірақ, газет резина емес, көлемі, беттері шектеулі. Сондайда жұмыс болған соң пікір қайшылығы, түсінбеушілік те болып тұрады. «Менің материалым неге шықпай жатыр» деген әңгіме шығады. Ол әңгіменің ұшығы жауапты хатшыға тіреледі. Араның ұясындай құжынап жатқан ортада әріптестерінің барлық «өкпе-назына» орнықты жауап тауып, сабасына түсіруге де ақыл керек. Азаматтан ондай ақыл табылатын. Кейін жағдай өз арнасына түседі. Өйткені бәрінің көздегені бір-ақ мүдде – ол ақпаратты оқырманға сапалы қып жеткізу. Осы бағытта көптің ойы бір арнаға тоғысады. Ұмытпасам, Азамат бұл қазанда он шақты жылдай «қайнады-ау» деймін. Майдан қыл суырғандай үнемі биязы сөйлей беруге «нерві» шыдай бере ме? Сол қазанда бұрқылдап, жанталас тірлік үстінде жүруге де тура келген кездер болды. Ол әрине өз ісіне шексіз берілген адамның тірлігі болатын…
Кейін Азамат ініміз республикалық «Алтын Орда» газетіне бас редактордың орынбасары болып ауысты. Өзі жас, қаламы қарымды, ойы ұшқыр журналист үшін ол да бір үлкен мектеп болды. Бұл танымал қаламгер, журналист Мейірхан Ақдәулет негізін қалап кеткен, елге шыншылдығымен, шымшымалығымен танылған тәуелсіз газет болатын. Мұның журналистері бір тәртіпке бағынған мемлекеттік басылымдар сияқты емес, еркін көсіліп, қай тақырыпқа да төпеп жаза беретін, фактіге сүйеніп ап қалай сынаса да, мінесе де еркі, қанатын кеңге жайып, шартарапты шарлап, қоғамдағы келеңсіздіктерді ашық көрсетіп жазушы еді. Мұндай газетке орынбасар болу да оңай емес. Талабы табанды, ауқымы кең, көтерер жүгі қомақты басылым. Азамат бұл сыннан да мүдірмей өтті, талап үдесінен шыға біліп, атынан ат үркетін республикалық деңгейдегі газет редакторының орынбасарлығын абыроймен атқарды. Қаламгерлік біліктілігі, медиаменеджерлік қабілеті осы тұста жарқырай көріне түсті. Газеттің мазмұндық деңгейін арттырып, дизайнерлік талғамын өзгертті.
«Журналист – ол кез-келген сәтте дәрігер, мұғалім, заңгер, экономист, керек десеңіз ауыл шаруашылығы қызметкері немесе саясаткер бола алады. Ал жоғарыда аталған мамандардың бірде-біреуі журналист бола алмайды» деген тәмсіл бар. Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында өзіңнің күшің мен уақытыңды аямайтын дәрежеге жеткенде, өзіңнің шын талантыңмен оқырманды баурап алатын шабытың шыңдалғанда ғана жақсы журналист бола аласың. Бүгінгі таңда «Аtyraý» газеті редакторының орынбасары лауазымының тізгінінен ұстап отырған Азамат Базарбаев осы деңгейге жеткен журналист. Ол қай тақырыпқа қалам тербесе де ойдың тереңдігі, фактілердің дәйектілігі айқын көрініп тұрады, мақаланы тартымды, оқылымды етіп береді, оқырманға ой да салады…
Сол әріптес ініміз, Ақпарат саласының үздігі, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы журналистердің республикалық байқауының лауреаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Алғыс хаты, Атырау облысы әкімінің Құрмет грамотасының, басқа да көптеген марапаттың иегері Азамат Сансызбайұлы, міне, бүгінде ердің жасы елуге де келіп қалыпты. Жан-жары Клара екеуі отбасында алтын асықтай ұлдарын тәрбиелеп отыр. Олардың алды еңбекке араласып, отау құрды. Осындай бақытты шаңырақ иесін думанды мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, сарқылмас бақыт, баянды ғұмыр, отбасының амандығын тілеймін! Жасың құтты болсын, көсегең көгерсін, Азамат інім!
Қосұйым МҰҚАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі