Атыраулық жастар Астанада алма бағын өсіреді
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласында өтіп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде «Сарайшық» шаруа қожалығының жетекшісі Тамила Розметова атыраулық жастардың Астанада алма бағын өсіретінін айтты.
«Өз қожалығымыздың базасында біз алманың арнайы сорттарын дайындап қойдық. Және сол сорттарды Астанада отырғызсақ дейміз. Сол үшін, бас қаладан арнайы жер учаскесін бөлуді сұраймыз» деді Тамила Розметова «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі кезінде.
Және де ол алма бағын күтіп-баптауды қамтамасыз ететіндігін, жаңа жобаның тамшылатып суару әдісі арқылы жүзеге асатынын атап айтты.
Атыраулық жастардың бастамасына қолдау білдірген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа аталмыш мәселемен айналысуды тапсырды.
Айта кетелік, ЕХРО қалашығындағы «Нұр Әлем» павильонында өтіп жатқан салтанатты шарада «Жас қазақстандықтардың жобалары» көрмесі ұйымдастырылып, онда Қазақстан Президентіне дарынды жастарымыздың «NNaimi.kz», «Shoqan suits», «Qazaq eli», «Beyond», «Kusto Group» сынды табысты жобалары таныстырылды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Сурет atpress.kz сайтынан алынды.